Үйсіз-күйсіз қалғандар қайда барып паналайды?

Күн суыта бастаған кезде үйсіз-күйсіз қалғандар әбігерге түседі. Тамақ пен қонатын жерден бөлек, енді жылы киім іздеуге тура келеді. Қиын жағдайға тап болып, баспанасыз қалғандарға Алматыда қандай көмек көрсетіледі? Толығырақ Massaget.kz материалында. 

Оңтүстік астанада панасыз қалғандарға көмек көрсететін арнайы мекеме бар. "Пана" әлеуметтік бейімдеу орталығы - тәулік бойы бір жылға дейін уақытша тұруға немесе тәуліктің түнгі уақытында белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе қылмыстық-атқару пробация қызметінде есепте тұрған адамдарға арналған ұйым.

Қызмет алушылар санының артуына байланысты, әсіресе қыста Алматының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қосымша бөлімше салу туралы ұсыныс жасалған. 

"Пана" орталығына өтініш қалай жолданады? 

Қабылдау еңбек және жұмыспен қамту халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, ішкі істер органдарының жеке өтініші немесе жолдамасы бойынша жүзеге асырылады. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар ішкі істер органдарының жолдамасы бойынша қабылданады.

Орталыққа келгендерге қандай қызмет көрсетіледі? 

Орталыққа келген әрбір қызмет алушы міндетті түрде медициналық тексеруден және санитарлық өңдеуден өтеді, киім-кешек пен жеке заттары дезинфекцияланады.

"Орталыққа жүгінген, бірақ қаңғыбас өмір салтын өзгерткісі келмейтін адамдарға түнеу бөлімшесі ұйымдастырылады. Оларға түнгі уақытта төсек-орын беріледі, бірақ ыстық тамақпен қамтамасыз етілмейді", - деді орталық өкілдері. 

Қызмет алушылардың жоғалған әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру үшін орталықта бірқатар іс-шаралар өткізіледі. Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкес орталық мамандары арнаулы әлеуметтік қызметтердің 7 түрін көрсетеді:

1) қызмет алушылардың тұрмысын қолдауға бағытталған әлеуметтік-тұрмыстық;

2) денсаулығын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-медициналық;

3) әлеуметтік бейімделуге, әлеуметтендіруге бағытталған, психологиялық жай-күйін түзетуді көздейтін әлеуметтік-психологиялық;

4) еңбек дағдыларын қалыптастыруға, еңбек қызметін ұйымдастыру үшін жағдайлар жасауға бағытталған әлеуметтік-еңбек;

5) бос уақытты ұйымдастыруға, әлеуметтік-мәдени іс-шараларды өткізуге бағытталған әлеуметтік-мәдени қызметтер;

6) тиіс жәрдемақылар, жеңілдіктер, өтемақылар және төлемдер алуға жәрдемдесуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық қызметтер;

7) заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсетіледі.

Қызмет алушыларға мемлекет тарапынан әлеуметтік төлем жасалмайды.

Сондай-ақ жайлы болу және тұрмыстық өзіне-өзі қызмет көрсету үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалады. Қызмет алушыларға төсек жабдықтары, жеке гигиена заттары және ішкиім ұсынылады. Панасыз адамдар орталықта төрт мезгіл ыстық тамақпен, емделу, қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін көлікпен қамтамасыз етіледі, түрлі мерекелік іс-шаралар өткізіледі.

Күн суығалы орталықта қанша адам бар? 

Орталық қызметкерлерінің мәліметінше, қазір "Панада" 255 адам бар. Қызметкерлер кейінгі 3 жылдағы статистиканы ұсынды: 

  • 2021 жылы - 825 адам;
  • 2022 жылы - 931 адам;
  • 2023 жылы - 768 адам,
  • 2024 жылы (11 айда) - 726 адам.

Панасыз қалған адамды көрсеңіз, қалай көмектесе аласыз? 

Белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар қалалық қарбаластың көлеңкесінде өмір сүруге тырысады, көбінесе вокзалдар, қараусыз қалған үйлер мен жертөлелер олардың баспанасына айналады. Олар табылған жағдайда 102 нөмірі бойынша полиция нарядын шақыруға немесе 251-33-42, 251-37-68 нөмірлері бойынша тікелей орталыққа қоңырау шалуға болады.

Сонымен қатар орталықта әлеуметтік патруль қызметі жұмыс істейді, ол волонтерлердің, қала тұрғындарының өтініштері бойынша аудан әкімдіктері өкілдерінің өтінімдері бойынша және күніне бір ауданды қамти отырып қалаға жоспарлы түрде шығуды жүзеге асырады.

Үйсіз-күйсіз қалғандар қайда жүгіне алады? 

  • Алматы, Түрксіб ауданы, Дундич көшесі 2 Б;
  • Алматы, Алатау ауданы, Қойшыбаева көшесі 37. 

Еске салайық, редакция тілшілері жыл басында "Пана" орталығына барып, ол жердің жағдайын көріп қайтқан еді. 

Орталық тұрғындарының бірі - Амантай Рахымжанов. Ол 1952 жылы Алматыда дүниеге келген. Былтыр желтоқсанда орталыққа ауыстырылған. Бұған дейін 72 жастағы қарт түрмеден босатылған соң, өмірге бейімделіп кетуі үшін осы орталыққа жіберілген. Әскерге барып келгеннен кейін ол төбелеске ұрынған, кейін сол үшін істі болып кеткен. Темір тордан шыққаннан кейін отбасын құрған. Алайда қазір балаларымен араласпайды.

"Мені вокзалдан екі адам күтіп алды. Арбаға отырғызып, осы жерге алып келді. Алдымнан ақ киген екі кезекші қыз шықты. Мені тіркеп алды. Бәріміздің іздеп жүргеніміз - пана ғой. Адам баласымыз ғой, далада отырған біртүрлі ғой. Мен мынадай жерді бұрын көрмедім. Қанша мекемеде болсам да, мұндай тәртіпті, тазалықты бұрын көрмедім. Мұнда үйдегідей жылу бар. Мұнда түскенде танысым келіп, алғашқы керек-жарақты әкелді, алайда мұнда оның қажеті болмай қалды. Мұнда бәрі бар. "Панаға" келіп өлетін болдым ба деп ойладым. Сосын несі бар, елдің арасындамын, мені далаға лақтырып тастамайды ғой деп ойладым", - дейді қария. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!