Қайрат Нұртастың әйелі, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова үйіне қатысты дау әлі шешілмегенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Актриса инстаграм-парақшасында өзін алдап кеткен әйелмен кездескенін, алайда ол тағы да сөзінде тұрмағанын жазды.
Жұлдыз Әбдікәрімова өзін алдап кеткен әйелмен кездескенін айтты.
"Жаңа жылдың алдында бірнеше рет Диляра қоңырау соқты. Ұялымды көтермегендіктен, дыбыстық хабарлама алдым. Жолдамасында ол кешірім сұрап, эмоцияның күшімен маған қарсы пресс-конференция бергенін, барлық болып жатқан жайттарға өкінетіндігін жеткізіп, кездесу сұрады.
Мен өз тарапымнан жауап бердім. Егер нақты ұсыныс болса, тыңдауға дайын екендігімді бұған дейін де жария естіртіп келгенмін. Екі тарап адвокаттарымызбен бірге кездестік. Алайда Дилярадан маған бұл жолы да мардымды ұсыныс болмады. Керісінше, мен нақты талаптарымды қайта ескерттім.
Ол сол сәтте 2 күн уақыт беруімді сұрады. Осы екі күнде барлық талаптарымды орындайтынын өз аузымен айтты. Мен сұраған уақытына келісіп кеттім. Бұл қаңтардың 6-сы күні болды. Жоспар бойынша біз 8-ші қаңтар Ішкі Істер министрлігіне осы сот ісі бойынша қабылдауға жазылып қойған едік", - деді актриса.
Актриса полиция департаментінің қызметкерлері одан министрліктің қабылдауына бармауын сұрағанын айтты.
"Дилярамен кездесуден кейін маған Астана қаласының полиция департаментінің қызметкерлерінен әр жарты сағат сайын қоңырау келе бастады. Ескере кетейін, қоңыраулар күндіз-түні болды.
Ондағы талап: "Сіз ІІМ-не қабылдауыңыздан бас тартыңыз. Біз 20 қаңтарға дейін сіздің мәселеңіз бойынша оң шешім табамыз..." деп сендірді.
Өз еркіммен емес, полиция департаменті қызметкерінің талабы бойынша мен министрліктегі қабылдаудан бас тарттым. Енді, міне, бүгінгі күнге дейін маған не Диляра, не ПД қызметкері хабарласқан жоқ. Сондықтан мен ІІМ-нің қабылдауына қайта жазылдым.
Сондай-ақ бұл істегі барлық әсер етуші адамдардың аты-жөндерін, полиция департаментіндегі қызметкерлердің тізімдерін жария ету мақсатында үлкен ашық сұхбатқа келіскенімді жеткіземін", - дейді Жұлдыз Әбдікәрімова.
Жұлдыз Әбдікәрімова заң бойынша өзіне тиесілі үйді қайтарғысы келетінін жеткізді.
"Дилярамен соңғы кездесуде маған айтылған пікір былай болды: сен мені түрмеге отырғызғаннан үйіңді қайтарып ала алмайсың! Ескертемін, менің мақсатым біреуді түрмеге отырғызу емес. Бар болғаны заң бойынша өзіме тиесілі үйімді қайтаруды ғана көздеймін", - деді өнер иесі.
Еске салайық, актриса Жұлдыз Әбдікәрімова алаяқтарға алданып, үйінен айырылып қалғанын айтты.
Алаяқтық жасаған компаниямен соттасқан танымал актриса Жұлдыз Әбдікәрімова сотта жеңіліп қалған еді. Өнер иесі сот шешімімен келіспейтінін білдірді.
Отандық танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова келіні Жұлдыз Әбдікәрімованың пәтеріне қатысты даулы жағдайға пікір білдірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Жапатова