- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үйіңізге жүргізілетін құрылысқа...
Үйіңізге жүргізілетін құрылысқа бригаданы таңдау кезінде алаяқтардан қалай аулақ болуға болады? Маманнан кеңес
Үйге жүргізілетін жөндеу жұмыстары адамның жүйке жүйесін тоздыратыны сөзсіз. Құрылысты бастауға қаражат, оны істейтін бригада, құрылысқа керек заттың бәріне бірдей көңіл бөлу адамды шынымен де шаршатады. Жұмысшылар да өз міндетін дұрыс атқармауы мүмкін. Ал мұның бәрін қадағалағыңыз келмесе, басынан соңына дейін жөндеу жұмыстарын жүргізіп беретін компанияға жүгінсеңіз болады. Алайда оның да сапасына кепілдік жоқ. Осыған байланысты "LK Строй Сервис" ЖШС негізін қалаушы, интерьер дизайнері және құрылыс инженері Ләйлә Қалекенова Massaget.kz тілшісіне құрылысқа бригаданы таңдау кезінде алаяқтардан қалай аулақ болуға боланыны айтып берді.
Маман ең алдымен адамдар құрылысшыларды таңдау кезінде жиі жіберетін қателіктерге тоқталды.
- Бригаданың беделі мен тәжірибесін тексермейді. Соңғы клиенттің пікірімен танысып, бұған дейін орындалған жұмыстарды қарау өте маңызды;
- Шарт жасамайды. Болашақта туындауы мүмкін түсініспеушіліктің алдын алу үшін барлық шарт пен талапты жазбаша түрде рәсімдеу өте маңызды;
- Жұмысшылар мұқият іріктелмейді. Бригада мүшелерінің жұмысты орындау үшін қажетті дағдылары мен тәжірибесі бар екеніне көз жеткізу де өте маңызды;
- Жұмыстың аяқталатын мерзімі мен төленетін қаражат туралы шешіп алмайды. Жөндеу жұмыстары ұзаққа созылмауы және жоспарланбаған шығынның болмауы үшін жұмыс уақыты мен жоба бюджетін алдын ала талқылаған жөн.
View this post on Instagram
Құрылысшыларды таңдаған кезде неге назар аудару керек?
Бригада құрамында нақты жұмыс түрлерін орындау үшін қажетті дағдылары мен тәжірибесі бар мамандар бар екенін тексеріңіз.
Кез келген кикілжіңнің алдын алу үшін жобаның барлық шарты мен талабы нақты жазылған жазбаша келісім-шарт жасаңыз.
Жұмыс уақыты, жоба бюджеті, пайдаланылатын материалдарды және жобаның басқа да мәліметтерін егжей-тегжейлі талқылаңыз.
Құрылыс бригадасын таңдау кезінде алаяқтардан қалай аулақ болуға болады?
"LK Строй Сервис" ЖШС негізін қалаушысының айтуынша, алаяқтардың құрбаны болмауы үшін барлық соманы бірден төлемеу қажет, кез келген затқа аса мән беру керек, құжаттарды реттеу қажет.
"Жұмыс ақысын кезең-кезеңімен бөліңіз және жоба аяқталып, нәтижеге қанағаттанғанға дейін толық соманы төлемеңіз. Жобаның барлық егжей-тегжейіне назар аударыңыз, сізді мазалаған сұрақтарды қойыңыз, ашықтық пен анықтықты талап етіңіз. Жасалатын келісім-шартта ынтымақтастық шарттары, жұмыстың мерзімі, құны, сапа кепілдігі, жұмыс кестесі және басқа да маңызды мәселелер нақты жазылуы керек. Арзан бағаға алданып қалмаңыз, одан да сенімді тәжірибелі компанияны таңдаңыз", - деп түсіндірді ол.
View this post on Instagram
Жөндеу жұмыстары қанша уақытқа созылуы қажет?
"Нақты жөндеу мерзімі жобаның көлемі мен күрделілігі, материалдардың қолжетімділігі, ауа райы, күтпеген мәселелердің болуы және т.б. сияқты көптеген факторға қарайды. Мысалы, менің қарамағымдағы құрылысшылар ауданы 100 шаршы метрлік жобаны 3-4 ай ішінде орындайды", - деді Ләйлә Қалекенова.
Кез келген шешімнің уақытылы қабылдануын қамтамасыз ету үшін ұсынылады:
- Жұмысшылармен байланыс, ашық сөйлесу. Барлық мәселені жедел талқылап, шешім қабылдауға тырысыңыз;
- Шешім қабылдауға жауапты адамды анықтаңыз. Барлық маңызды мәселе бойынша шешім қабылдайтын және бригадамен байланысатын адамды анықтап алыңыз;
- Құрылыс алаңына үнемі барыңыз. Жұмыс барысын бақылау, туындаған мәселені талқылау және технологиялық процестің дұрыстығын тексеру үшін объектіге үнемі барыңыз;
- Жұмыстың жоспар бойынша орындалуын қадағалаңыз. Жұмысшылардан сізге орындалған жұмыс, жобаның барысы және келесі кезең жоспары туралы есеп беруін сұраңыз;
- Барлық өзгерісті талқылаңыз. Егер жобада қандай да бір өзгеріс болса, оны дереу бригадамен талқылаңыз.
View this post on Instagram
Ауылдағы алаяқтықты қалай шешуге болады?
Интерьер дизайнері әдетте ауылда тапсырыс беруші құрылыс бригадасымен ешқандай құжатқа қол қоймайтынын айтты.
"Ауылда немесе шағын елді-мекендерде тапсырыс беруші мен құрылысшылар арасында келісім бейресми түрде жүреді. Дегенмен, жазбаша құжаттарға қол қою сізге кепілдік береді. Құрылыс барысында дау немесе түсініспеушілік туындаған жағдайда, қол қойылған құжаттар тараптар арасындағы шарт пен келісімнің маңызды дәлелі бола алады", - деді ол.
Шартты рәсімдеу кезінде мына құжаттар пайдалы бола алады:
- Құрылыс жұмыстарын орындау шарты: бұл құжатта тараптардың барлық шарты мен міндеттемесі, соның ішінде жұмыстың орындалу мерзімі, құны, орындалатын жұмыс көлемі, төлем тәртібі, сапа кепілдігі және басқа да маңызды мәселелер көрсетілуі керек;
- Жұмыс сипаттамасы: онда жұмыстың нақты түрлері, материалдар, өлшемдер және жоба шеңберінде орындалуы тиіс басқа да техникалық бөлшектер көрсетіледі;
- Орындалған жұмыс актілері: жұмыстың белгілі бір кезеңдері немесе бүкіл жоба аяқталғаннан кейін орындалған жұмыс актілері жасалады, онда нақты орындалған жұмыс көлемі көрсетіледі, сондай-ақ тапсырыс беруші қол қояды;
- Өзгерістер мен толықтырулар туралы келісім: егер жөндеу жұмыстары барысында бастапқы шартқа өзгерістер немесе толықтырулар енгізілетін болса, олар қосымша келісім түрінде ресімделуі тиіс.
"Әрине, бұл құжаттар сізге артық болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл шарттар екі тараптың да құқығын қорғауға айтарлықтай көмектеседі және кепілдік орнына жүреді. Барлық құжат пен орындалған жұмыс актілерін кейіннен есепке алу үшін бір жерде сақтап қойыңыз", - деді ол.
View this post on Instagram
Компаниядан "басынан аяғына дейін" жөндеу жұмысын сатып алған адамға жұмыстың сапасы ұнамаса, не істей алады?
1. Компанияға хабарласыңыз.
"Тапсырыс беруші өзінің назарылығын жөндеу жұмыстарын жүргізген компания өкілдеріне тікелей хабарлауы керек. Дауды келісім-шарт шеңберінде шешуге тырысыңыз және кемшіліктерді қайта түзету туралы келіссөздер жүргізіңіз", - деді ол.
2. Шағым түсіріңіз.
"Егер мәселе сөйлесу арқылы шешілмесе, тапсырыс беруші барлық кемшілік пен жағдайды түзетуге қойылатын талаптарды егжей-тегжейлі сипаттайтын ресми шағым дайындай алады", - деді құрылыс инженері.
3. Дәлел келтіріңіз.
"Тапсырыс беруші жүргізілген жұмысқа қанағаттанбайтынын көрсету үшін нақты дәлелдері болуы шарт. Яғни ақау немесе сапасы төмен заттарды суретке түсіруге болады", - деді маман.
4. Адвокатқа немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына жүгініңіз.
"Егер компания клиенттің талаптарына жауап бермесе, ол адвокаттың немесе тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мамандандырылған органдарының көмегіне жүгіне алады", - деп түсіндірді Ләйлә Қалекенова.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қазақ халқында өлімнің неше түрі бар?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә