Үйінен 470 мың доллар табылған: Алматылық тұрғын кәсіпкерді пара беруге итермелеген

Үйінен 470 мың доллар табылған: Алматылық тұрғын кәсіпкерді пара беруге итермелеген

Алматыда пара беруге түрткі болған тұрғын ұсталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерді пара беруге итермелеген Алматы қаласының тұрғынын әшкереледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Антикор мәліметіне сілтеме жасап.

"Ол өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстыра отырып, кәсіпкерлік субъектісіне қатысты тексеру шаралары жүргізіліп жатқандығы туралы жалған ақпарат берген. Күдікті өзінің делдалдық қызметтерін ұсынып, мәселені шешу үшін 390 мың АҚШ долларын талап еткен.

Кәсіпкер алаяқтық әрекеттерге бой алдырмай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінгеннен кейін, күдікті ақшаны алу кезінде ұсталды", - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, аталған азаматтың тұрғылықты жерін тінту кезінде қосымша 470 мың АҚШ доллары табылған.

"Олардың қайдан алынғаны және ұсталған адамның басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Сот күдіктіге қатысты "қамауда ұстау" бұлтартпау шарасын тағайындады. Тергеу жалғасып жатыр", - делінген хабарламада.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!