"Үйіне газ қосуға 448 500 теңге": Зейнеткерлерге қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?

"Үйіне газ қосуға 448 500 теңге": Зейнеткерлерге қандай әлеуметтік көмек көрсетіледі?
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Астанада зейнеткерлерге әлеуметтік жеңілдік ұсыну жалғаса береді. Мәселен, биыл үйіне газ қосу үшін 700-ден аса зейнеткерге қаржылай көмек берілді. Бұл туралы Астана қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Таласова айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Жұмыспен қамту орталығы мен қала әкімдігі әлеуметтік осал топтағы 185 мың адамға әртүрлі көмек көрсетеді. Қаламызда 110 мыңнан аса зейнеткер тұрады. Осы санатқа бірнеше көмек көрсетіліп жатыр. Олар: шипажайға емделу, тегін жол жүру, қарттар күніне арналған 2,5 АЕК (8 625 теңге) мөлшерінде көрсетілетін көмек бар. Сонымен қатар, қатты отын сатып алуға 55 200 теңге және зейнеткерлердің үйіне газ қосу бойынша 448 500 теңге көлемінде көмек береміз. Газдандыру бойынша көмек қазір 700-ден аса зейнеткерге көрсетілді", - деді Айгүл Таласова.

Оның айтуынша, елордада жалғыз тұратын зейнеткерге тұрғын үй коммуналдық қызметтері бойынша қаржылай қолдау жасалады.

Сонымен қатар, 9 мамыр - Жеңіс мерекесіне орай мәртебесі Ұлы Отан соғысының ардегерлерімен теңестірілген азаматтарға берілетін төлем мөлшері артқан.

"9 мамыр мерекесіне орай Ұлы Отан соғысының ардегерлерімен теңестірілген азаматтарға, өзге шет мемлекеттер аумағында ұрыс операцияларына жұмылдырылған адамдарға берілетін төлем мөлшері ұлғайды. Ол 9 АЕК-тен (31 050 теңгеден) 35 АЕК-ке (120 750 теңгеге) дейін артты", - деді Айгүл Таласова.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz