Алматы облысының тұрғыны 12 жастағы қызын 70-ті алқымдаған қария зорлағанын айтып шағымданды. Ол осы мәселені көтеріп, "Астарлы ақиқат" бағдарламасына жүгінген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматы облысы Шонжы ауылының тұрғыны Айгүл Нағымдиева кенже қызын 73 жастағы көршісі қорлады деп дабыл қақты. Әйелдің сөзінше, зейнеткер жасөспірімді арбауына түсіріп, арам ойын іске асырған. Сондай-ақ, әйел қызы бірнеше рет азғындықтың құрбаны болғанын мәлімдеді. Алматылық бұл жайтты алғаш қызының мұғалімдерінен естігенін жеткізді.
Шонжы ауылының тұрғынының сөзінше, бірінші оқиға 22 наурызда болған.
"Әне 5-мектеп. Жанымызда 5-мектеп бар. Мына жерге алып келіп, "ақша беремін, кәмпит беремін" деп қызды алып жүрген. 3-үйде тұрады. ...Балалар мына жерге келгенде, қыздың қолынан ұстап, үйіне алып кірген. Үйіне апарып жұмысын істеген. Өзі қасында жатып, қызды сипалап, қыздың үстіне шығып, зорлаған ғой. Одан кейін киімін алып, далаға шығып кеткен. Қыз қашып кеткен. Екінші рет 9 сәуірде. Осы жерде үш немереммен әткеншекке бара жатқан (кенже қызы - еск.). Ол ұстап алып, үйіне алып кірген. Мына жерде үш немеремді тастап, жұмысын істеген. Киімдерді шешіп, өзі қасына жатып, қызды сипалап зорлаған", - дейді әйел.
12 жастағы қыздың әпкесінің сөзінше, қызды үйге келгенде өзі бірінші көрген. Алайда ол сіңлісі ештеңе айтпағанын жеткізді.
Ал мұғалімдер ер адам мектеп маңына келіп, қызбен сөйлесіп тұрғанын байқаған. Шонжы ауылдық №5 мектебінің директоры Лейла Таипованың сөзінше, оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызға ескерту жасаған. Оқушы мектепке кіріп кеткен. Мұғалімдер ер адам велосипедін алып, кетіп қалғанын айтады. Осы жағдайдан кейін педагогтер оқушымен сөйлескен. Ал қыз болған жайтты айтқан.
Қазір күдікке ілінген зейнеткер тергеу изоляторында отыр. Ал күдіктінің ұлы әкесі кінәлі екеніне сенбейді, бірақ тергеу әділ аяқталуы керек деп есептейді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!