Қазақстанда "созылмалы" пәтер мәселесін шешу үшін заңдарға түзетулер енгізу жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Мәжілістің Экономикалық реформалар, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комитетінде "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілерін астана және республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков заң жобасы "созылмалы" пәтер мәселесін шешуге септігін тигізетінін айтты.
"Көбінесе тұрғын үй иелерінің өздері көші-қон заңнамасын бұзуға жол береді, үйінде тұрмайтын азаматтарды белгілі бір төлем үшін тіркейді. Мысалы, Астана қаласының пәтерлерінің бірінде 800-ден астам адам тіркелген", - деді министрдің орынбасары.
Сондықтан аталған мәселені шешу үшін заң жобасына төмендегі түзетулер енгізіледі:
"Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу шеңберінде тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін тұрғын үй иесіне айыппұлдарды 2 есеге ұлғайту ұсынылады", - деді вице-министр отырыста.
Жиыннан соң Бауыржан Омарбеков бұл ұсыныс екенін, бұл норма әлі талқыланады деп сендірді.
"Қателеспесем, қазір жеке тұлғалар үшін 10 АЕК (36 920 теңге, 2024 жылы 1 АЕК – 3 962 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған. Депутаттар заң жобасын қолдаса, енді (тұрғын үйлерде тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығармағаны үшін) айыппұлды 2 есеге ұлғайту көздеп отырмыз... Егер заңбұзушылықты полиция анықтаса, заң қабылданса, (заң бұзған пәтер иелеріне) 20 АЕК (73 840 теңге) көлемінде айыппұл салынады", - деді вице-министр.
Заң жобасындағы нормаларды депутаттар жұмыс тобында талқылайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!