• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Үйінде қарасора өсірген қазақстандық сотталды

Үйінде қарасора өсірген қазақстандық сотталды
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Жетісу облысында үйінде қарасора өсірген тұрғын сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Текелі қалалық сотында Д-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған қарасора өсімдіктерін заңсыз егіп, өсіргені (ҚР ҚК 300-бабы 1-бөлігі) және есірткі құралдарын өткізу мақсатынсыз ірі мөлшерде заңсыз сатып алып, сақтағаны (ҚР ҚК 296-бабы 3-бөлігі) үшін айыпталды.

Оқиға қалай болған?

Сотта 2024 жылғы сәуірде Д. жеке тұтыну мақсатында үй жағдайында қарасора өсірумен айналысқаны анықталған. Ол алдын ала қарасора тұқымдарын дайындап, өз қолымен екі ыдысқа отырғызған. Алайда өсімдіктердің өсуін күтпестен, 2024 жылғы тамыздың басында таулы аймаққа барып, жабайы қарасораны жұлып алған және оларды жеке тұтыну үшін үйіне әкелген.

Текелі қаласының полиция бөлімі қызметкерлері жүргізген тінту барысында үйде өсірілген қарасора өсімдіктері мен жабайы қарасора бұталары тәркіленді.

Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген өсімдік тектес заттар - ірі мөлшердегі кептірілмеген каннабис (қарасора) есірткісі.

Сот шешімі

Сотта Д. өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

Cот үкімімен Д. ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабының 1-бөлігі және 296-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.

Үкім заңды күшіне енді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget