- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үйін тастап кеткісі...
"Үйін тастап кеткісі келмейді". Премьер-министр халыққа өтініш жасады
Премьер-министр Олжас Бектенов су басқан өңірлерде үйін тастап кеткісі келмейтін тұрғындарға өтініш жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Маған үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатқаны туралы айтылды. Олар су тасқынының ауыр зардаптарына сенгілері келмейді. Көріп отырғанымыздай, биыл мұндай апат су тасқыны бұрын-соңды болмаған жерлерде де болып жатыр. Сондықтан қазақстандықтарды әкімдіктер мен арнайы қызметтердің хабарламаларына ерекше мән беріп, олардың нұсқауын орындауын сұраймын. Бұл адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді", - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Ол тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру оңай жұмыс емес екенін атап өтті.
"Эвакуациялау – бірінші кезекте. Бұл сіздердің қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз етуге бағытталған! Сондықтан құтқарушылардың жұмысын қиындатпай, оларға қарсылық емес, керісінше, қолдау көрсету керек. Олар сіздер үшін тер төгіп жатыр. Ал адамдарды құтқару оңай жұмыс емес", - деді үкімет басшысы.
Сондай-ақ премьер-министр су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялап жатқан мамандарға рақмет айтты.
"Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысында сержант Батырбек Қапсықов қызметтік міндетін атқару кезінде екі бірдей пышақ жарақатын алған. Күдікті ұсталды. Күштік құрылымдардың қызметкерлері мен құтқарушылар шын мәнінде батылдық көрсетіп жатыр. Мысалы, Ақтөбе облысында тасқын жағдайында жүкті әйелді босандырып алуға тура келді – анасы мен жаңа туған егіздерді құтқарып қалды.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, мен қазіргідей қиын жағдайда ел тұрғындарына көмек қолын созып жатқан құтқарушыларға, ұшқыштарға, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктеріне мен Ұлттық ұланның қызметкерлеріне, медицина қызметкерлеріне және қатардағы еріктілерге алғыс айтқым келеді", - деді Олжас Бектенов.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz