Үйлерін су басқан Қоянды ауылының тұрғындары назарылыққа шықты. Олар Астана – Павлодар бағытындағы республикалық жолды бөгеп, жергілікті биліктен төтенше жағдай жариялауды сұрады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тұрғындардың айтуынша, жылда көктем кезінде үйлерін су басады. Мәселе жыл сайын көтеріледі, бірақ жергілікті әкімдік әлі күнге дейін шешімін таба алмай келеді екен.
"Бұл елді мекенде жағдай өте күрделі. Халық жайдан жай тас жолды бөгеуге шыққан жоқ, іште тынып жатқан шерлерін шығаруға шықты. Жел соқса – жарық өшеді, жаңбыр жауса – жол болмайды, ал қалың қардан жол жабылса – ашылмайды. Халықтың тең жартысы суды әлі даладан тасып, ішіп жүр. Ауыл арасындағы жолдың бәрі ойлы-шұқыр болып қалған. Жергілікті билік мәселемізді шешіп бермеді. Қазіргі таңда үйлерге су кіріп жатыр", - деді жергілікті тұрғын Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Әкімдіктің жауабы қандай?
26 наурыз күні сағат 20:40-та Қоянды ауылының 50-ге жуық тұрғыны ауыл әкімдігінің жанындағы жолды жауып тастады. Жергілікті тұрғындар су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселелеріне назар аудару мақсатында жиналды. Түсіндіру үшін жиналғандармен аудан әкімі Бақытбек Оспанбеков және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Доспаев кездесті.
Әкімдіктің хабарлауынша, сағат 22:00-де жолдың бәрі ашылған.
"Қазіргі таңда Қоянды ауылында су тасқынына қарсы күшейтілген іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Шамамен 150 мың текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ Қоянды ауылында 9,5 мың метр арықтар мен каналдар, сондай-ақ 46 дана су өткізу құбырлары тазартылды. 35 мың текше метрден астам еріген су сорылды. Жолдарды жабу сияқты заңсыз әрекеттерге жол берілмейді. Заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғанына назар аударыңыздар", - делінген Целиноград ауданы әкімдігінің хабарламасында.
Сонымен қатар, әкімдіктің мәліметінше, Қоянды ауылындағы төрт шағын аудандағы қар суын тазалауға Астанадан арнайы көмек барған. Оған қоса, Сарыарқа көшесіндегі қар суын сору жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!