Танымал актер, продюсер Нұрлан Қоянбаев әлеуметтік желідегі парақшасында туған өлкесіне қайта барып, балалық шағы өткен үйіне кіре алмағанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесі Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы. Актер бала кезінде көп саяхаттауды армандағанын жазып, бұрынғы үйінде қазір тұруы мүмкін жас балаға хат қалдырды.
"Өзіңіздің қалай өзгергеніңізді түсіну үшін ештеңе өзгермеген жерге қайта оралу керек" - Нельсон Мандела.
Үйге қайта оралған қандай тамаша! Осы үйде дүниеге келдім, дәл осы үйде бақытты балалық шағым өтті, бұл үйде кішкентай кезімде саяхаттауды армандайтынмын, арманым Қызылорданы көру болды. Арманым орындалды!
Күллі әлемді көрдім, бірақ ең құнды орын - ол туған үйім.Өкінішке қарай, үйге кіре алмадым, өйткені басқа адамдар тұрады. Мүмкін бұл үйде кішкентай, арманшыл бала тұратын шығар. Сол кішкентай балаға айтарым "бүгін мен 45-ке келдім, кеше ғана осы үйде кішкентай бала едім. Уақыт тез өтіп кетті. Адам баласына берілген ең баға жетпес құндылықтардың бірі - уақыт. Әр адамның еншісіне бұйырған әрі зая кетіре алмайтын жалғыз капитал, сондықтан да уақытыңды қадірле, ешкімді, ештеңені күтпе, бас, өзіңе сен, арманда, мұхит ас, әлемді көр, күшті өмір сүр, сенің қолыңнан барлығы келеді", - деп жазды ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!