Қарағанды облысы Ақадыр кентінде бір отбасы апатты үйде жан бағуда. Шатыры ұшып кетудің аз-ақ алдында, ал терезелері шағылған, сыртқы қабаты үгітіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақадыр кентінен редакциямызға Назгүл Исаевадан хабарлама келіп, жағдайын естіп жаға ұстадық. Үш баланың анасы бүгінде қираған үйде күн көруде. Күйеуі мүгедек. Жәрдемақы арқылы отбасын асырап отыр. Оның өзі дәрі-дәрмектен ауыспайды дейді.
"Күйеуім мүгедек. Үйіміздің түрі осы. Қанша рет әкімдікке барсам да мардымды жауап бермейді. Жақында мына үй құлап қалады. Шатыры да ұшып кетейін деп әзер тұр" дейді Ағадыр кентінің тұрғыны Назгүл Исаева.
Осы жайтқа орай әкімдікке хабарласып жағдайды анықтадық.
"Үйдің тұрғындары үй апаттық жағдайда деген құжат тапсырмаған, сондықтан қолымыз байлаулы. Шағым иесінің жолдасы әкімдікте әлеуметтік осал топтар санатында тұрғын үй кезегінде тұр. Алдағы уақытта отбасыға кезектілік реті бойынша баспана беріледі" дейді Шет ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жандос Бақытұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!