Алматыда полиция "Мерген" іс-шарасын өткізеді. Осыған байланысты азаматтарға ескерту жасалды. Өйткені іс-шара аясында полиция қызметкерлері атыс қаруы иелерінің үйлері мен пәтерлеріне барып, оның қалай сақталатынын тексереді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
17-25 сәуір аралығында тіркелген атыс қаруын қолдануға байланысты қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ, қару иелері арасында құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған "Мерген" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді.
"Азаматтық қару - асқан қауіптің көзі. Сондықтан оның иелері заң талаптарын, рұқсаттарды уақытылы жаңартып, сақтау және тасымалдау ережелерін сақтауы маңызды. Біздің қызметкерлер қаруды сақтау жағдайларын тексеріп, профилактикалық шаралар жүргізіп жатыр, сондай-ақ, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі", - деді Алматы қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.
Алматы полициясы қару иелерін құқықтық мәртебесіне жауапкершілікпен қарауға және басқалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова