"Үйлену тойына дайындалып жүрген". Әріптестері Медеуде мерт болған өртсөндіруші туралы айтты

Медеудегі өртті сөндіру кезінде қаза болған Арслан Құрманбеков жазда өтетін үйлену тойына дайындалып жүрген. Бұл туралы КТК телеарнасына өрт сөндіру бөлімінің басшысы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жотада жанған қалың ағаш өртсөндіруші Арслан Құрманбековтің үстіне құлап, сол сәтте мерт қылған болатын. 30 жасқа таяған шағында өмірден өткен азаматтың артында анасы мен інісі қалды. Мұндай жазатайым жағдайдың алғаш рет болғанын айтқан төтеншеліктер марқұмға қатысты бар шығынды өздері көтеріп, өзге де көмек көрсететінін жеткізді.  

"Жерлеуге үкіметтен 660 мың теңге бөлінеді. Заңға сәйкес, алты айдан кейін анасы мұрагерлік құқыққа ие болғаннан кейін 13 миллионнан астам төлемақы анасына тағы төленеді. Қала әкімдігіне хат жібердік. Арсланның мамасы жалғыз болған, жолдасы жоқ, інісі қалған, тұратын үйі болмағаннан кейін бір пәтер қарастырса екен деп ұсыныс хат жібердік", - дейді Алматы ТЖД, Өрт сөндіру және апаттан құтқару қызметінің бастығы Айдар Сқабаев. 

Медеу ауданы №7 өрт сөндіру бөлімі мамандарының шақыртуларға Арслансыз аттанып жүргеніне бүгін төртінші күн. Марқұм мұнда сегіз  жылдан астам қызмет атқарыпты. Өзінен кейінгілерге білгенін үйретіп, үнемі тәжірибесімен бөлісіп жүретін дейді басшысы. Дәл сол күні төбесі көкке жетердей қуанған ол әріптестеріне жақсы жаңалығын да жеткізіп үлгерген екен.

"Арсланға ерекше күн болған. Өзі күліп, үлкен жігіт қой, былай қарасаңыз. Жас бала сияқты, езуі жарқырап жүрді, кәдімгідей. Жақсы жаңалығым - "төрт жыл жүрген қызым бар, үйлену тойын белгіледік, осы жазда, Құдай бұйыртса, үйленеміз" деді. "Мамама айттым, той жасаймыз. Сол тойға мейрамхана іздеу керек. Көп қонақ шақырамыз. Солардың ішінде бірінші сіздер боласыздар" деген еді", - дейді Медеу ауданы №7 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Айдар Ермұханбетов. 

Еске салайық, қайғылы оқиға 8 мамырда болған еді. Бұған дейін Медеудегі өрт кезінде қаза болған өртсөндірушінің отбасына қандай көмек көрсетілетіні хабарланған болатын.

"Құқық қорғау қызметі туралы" Заңға сәйкес қаза тапқан қызметкер Құрманбеков Арсланның мұрагерлеріне оның алпыс айлық ақшалай қаражаты (5 жылғы) - шамамен 13 миллион теңге мөлшерінде біржолғы өтемақы төленетін болады. Сонымен қатар, жерлеуге жұмсалған шығыстарға 600 мың теңге көлемінде өтемақы төленетін болады. Жерлеу бойынша барлық шығынды Алматы Төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырды.

ТЖ министрлігі өкілдері Президент Әкімшілігіне мемлекеттік наградаға қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өртсөндіруші Арслан Құрманбековті марапаттау туралы ұсыныс енгізді. Сонымен қатар, Алматы әкімдігінің атына әлеуметтік көмек тәртібінде Арслан Құрманбековтің анасына тұрғын үй бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы өтініш жолданды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!