Қытайдан, Америкадан және Малайзиядан жиналған халықаралық ғалымдар тобы жаһандық зерттеу жүргізді: сарапшылар АҚШ, Ұлыбритания, Мексика, Ирландия, Оңтүстік Корея, Қытай және Индонезиядан келген 100 мыңнан астам адамның деректерін талдады. Ғалымдарды неке депрессияның дамуына қалай әсер ететіні және оған кімдер көбірек бейім екені қызықтырды. Зерттеу нәтижелері Nature Human Behaviour журналында жарияланған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Зерттеу нәтижелері депрессиялық жағдай отбасылық адамдарға қарағанда бойдақ ерлер мен тұрмыс құрмаған әйелдерде 80%-ға жиі дамитынын көрсетті.
Сонымен қатар айырылысқан немесе ажырасқан қатысушыларда депрессия қаупі қарым-қатынасын сақтап қалған адамдарға қарағанда 99%-ға жоғары болды. Егер ер адам немесе әйел серіктесінен айырылса, яғни жесір қалса, онда психикалық денсаулық проблемаларының ықтималдығы 64%-ға дейін өскен.
Ол үшін сарапшылар 106 556 ерлер мен әйелдердің деректерін егжей-тегжейлі зерттеді. Ғалымдар қатысушылардың үнемі жағдайын сұрап, сауалнамалар жүргізген, содан соң зиянды әдеттер мен отбасылық жағдайға назар аудара отырып, бәрін тіркеп отырған. Бақылау кезеңі 4 жылдан 18 жылға дейін созылған.
Жалғызбасты адамдар жынысына, еліне және мәдениетіне қарамастан, депрессияға көбірек ұшырайтыны белгілі болды. Мысалы, Ирландия мен Ұлыбританияда үйленбегендер некедегі құрдастарына қарағанда психикалық проблемалардан екі есе көп зардап шеккен.
Алайда ғалымдар бұл нәтижелер барлық бойдақтар шұғыл түрде үйленуі немесе тұрмыс құруы керек дегенді білдірмейтінін ескертті. Ғылыми жұмыста маңызды шектеулер бар: депрессияның дамуына генетикалық және басқа факторлар да әсер етеді, оларды осы типтегі зерттеулерде ескеру қиын.
Еске салайық, депрессия бойынша Қазақстан 180 елдің арасында 93-орында. Есепке сенсек, елде депрессияға бейім азаматтардың саны 732,7 мың адамға жетеді.
Оқи отырыңыз: Депрессияның негізгі белгілері қандай?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!