- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үйленетін кезің болды"....
"Үйленетін кезің болды". БҚО-да ер адам ішімдік ішпеуін өтінген әкесін ұрып өлтірген
Батыс Қазақстан облысында ер адам ішімдік ішпеуін өтінген әкесін ұрып өлтірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Орал апталығы" басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға былтыр 16 қазанда Қоңыр ауылында болған. Іс материалдарынан О.И. сол күні танысымен бірге алкогольдік ішімдік ішкені анықталды.
Кейін ол 23:00 шамасында үйіне оралған. Әкесі М.И. ұлының жағдайын көріп, оған ренжіп, ақылын айта бастаған.
"Әкесі баласына "Неге ішесің? Сенің үйленетін кезің болды" деп айтқан. Кейін олар жанжалдасып қалған. Ұлы бұл сөздерге ашуланып, аулаға шығып, таяғын алып, үйге кіріп, төсекте жатқан әкесін ұра бастаған. Басы мен иығынан жұдырықпен ұрған. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Оқиғадан кейін ұлы әкесіне көмектесуге әрекеттенбей, жедел жәрдем шақырмай, қылмыс қаруын жасыруға тырысқан", – деді судья Шара Зайнуллина.
Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына сәйкес, М.И. өліміне ашық бас сүйек-ми жарақаты, бас сүйегінің сынуы және миға қан құйылу себеп болған. Ер адам қылмыс қаруын сарайдың төбесіне тығып қойған, кейін полицейлер оны сол жерден тауып алған.
15 ақпанда О.И-ге қатысты үкім шықты. Ол кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айыпталушы өзі кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, шағым жасауға болады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан