Желіде қызу талқыға түскен әнші Алина Шакиева акцентсіз ән айтуға уәде берді. Ол бұл туралы "1001 түн" бағдарламасында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
11 шілдеде "Той думан" телеарнасының YouTube-арнасында Алина Шакиеваның "Ұйқым келмейді" атты әні жарыққа шыққан еді. Қазнет қолданушылары әнге қатысты түрлі пікір білдіріп, қызу талқылаған болатын.
Әнші "1001 түн" бағдарламасында келесі әнін жақсы айтуға уәде берді.
"Келесі өлеңді акцентсіз, жақсы айтуға тырысамын", - деді әнші.
Бағдарлама мәліметінше, әнші Ресейден көшіп келген. Ол Ресейде 17 жыл тұрған.
"Ресейде, Мәскеуде туып өстім. 17 жыл тұрып, мектеп бітіріп, еліме келдім. 2002 жылы көштім", - деді әнші.
Ол әнді неге қазақ тілінде орындағанын айтты.
"Ана тілімді құрметтеймін. Адам өз ана тілін білуі қажет деп санаймын. Қазір кәсіби деңгейде үйреніп жатырмын. Өлең жақсы болуы үшін тырыстым. Барынша тырыстым", - деді ол.
Алина Шакиева әнге қатысты пікір білдірді.
"Ән алғашында тыңдағанда, ұнады. Авторлардан сұрап алдым. Сатып алдым. Қанша екені құпия. Демеушім жоқ", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Желіде белгісіз әншінің әні қызу талқыланып жатқаны хабарланған болатын. Кейінірек бұл жағдайға қатысты әншінің өзі де пікір білдірген еді.