- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұйқы сапасын жақсарту...
Ұйқы сапасын жақсарту үшін қандай әдеттерден бас тарту керек?
Адамның өмірінде ұйқының маңызы зор. Ұйқысыздық денсаулыққа қатысты көптеген проблемаларға әкеледі. Ендеше, ұйқы сапасын жақсарту үшін қандай әдеттерден бас тарту керек? Психолог Александр Петрищев "Moslenta"-ға ұйқы сапасын жақсарту үшін не істеу керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман ең алдымен гаджеттерді ұйықтарға бір сағат қалғанда әрі ысырып қойып, оларды кітап оқу, медитация жасау, балалармен әңгіме айту немесе ыстық ваннаға түсу секілді әдеттерге ауыстыруды ұсынды. Әлеуметтік желілерден немесе жаңалықтар арналарынан алынған ақпарат мазасыздықты арттыруы және ұйқының сапасын нашарлатуы мүмкін. Сондай-ақ ұйықтағанда телефонды жаныңызға немесе жастықтың астына қоюға болмайды.
"Егер күні бойына бірдеңе дұрыс болмаса, ұйықтар алдында ол жайлы ойламауға және жағымсыз жағдайларды еске түсірмеуге тырысу керек. Ми үшін мұндай ойлар жылдам көмірсулар сияқты: ол оларды тез сіңіреді, бірақ олардың еш пайдасы жоқ", - дейді ол.
Ол тыныс алу жаттығулары мен медитация жасауға, тыныштандыратын музыка тыңдауға кеңес берді. Осылайша, ми тез демалып, ұйқы мен демалу режимін реттей алады.
Психологтың айтуынша, тағы бір арылу керек әдеттердің бірі - ұйықтардан үш сағат бұрын тамақ ішпеу. Ұйықтар алдында бірдеңе жеу ас қорыту жүйесіне қосымша жүктеме береді. Ағза демалудың және қалыпқа келудің орнына кешкі асты сіңіреді.
"Сонымен қатар, жатын бөлмеңізді салқын ұстау маңызды. Сол кезде тез ұйықтап кетесіз, ұйқыңыз берік болады, ал таңертең өзіңізді сергек сезініп оянасыз. Ұйықтар алдында бөлмені жақсылап желдетіп алыңыз. Ұйықтардан жарты сағат бұрын таза ауада жүріп келіңіз немесе балконда тұрыңыз", - дейді психолог.
Ұйықтар алдында душқа немесе ыстық ваннаға түскен жақсы. Бұл сіздің бойыңыздағы кернеуді кетіреді, денеңізді босаңсытады және психикаңызды тыныштандырады. Сондай-ақ, ваннаға магний тұзын қосуға, шам жағуға, бөлмені тыныштандыратын хош иістермен толтыруға болады. Маманның айтуынша, бұл сіздің түнгі ұйқыға дейінгі жағымды рәсіміңіз болуы керек.
"Өзіңізге, әлемге, кеңістікке, айналаңыздағы адамдарға алғыс айтыңыз. Күннің ең жарқын және жақсы оқиғаларын еске түсіріңіз, олар үшін рақмет айтыңыз. Армандарыңыз жайлы ойлап, оны барлық ұсақ-түйектерімен елестетіңіз. Бұл түпсанаға жағымды әсер етеді және ағзадағы дофамин деңгейін арттыруға көмектеседі. Мұның бәрі сіздің ұйқыңызды сапалы, тыныш және берік етеді", - деді Александр Петрищев.
Оқи отырыңыз: Ұйықтар алдында айран ішуге бола ма? Дәрігер жауап берді
А. Жапатова