- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үйге тұз немесе...
Үйге тұз немесе қызыл бұрыш іліп қоятын ырым қайдан шыққан?
Кейбір үйге барғанда есік сыртында ілулі тұрған тұз немесе бұрышты көріп, мұны неге босағаға іліп қойған деп ойланған боларсыз. Бұл байырдан келе жатқан қазақтың ырымының бірі. Дегенмен бұл ырымның мағынасын көпшілік білмейді. Этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне есік сыртына неге тұз немесе бұрыш іліп қоятынын айтты.
Қазақ тұзды ежелден қастерлеген халық. Үлкендердің тұзды шашпа, аяқ асты етпе, ысырап қылма деп салған тыйымы көп. Тұз төгілсе, ырыс төгілді деп сеніп, дәм шамданады, ас азаяды деп жорыған. Тіпті, жерге төгілген тұз еріп біткенше сол тұзды жерге төккен адам тұздай ащы ғұмыр кешеді деген ұғым да бар.
Ел арасында жүрген ұғым бойынша, есік сыртына тұз іліп қоюдың мәні - үйге кіріп келе жатқан адамның қара ниетіне тұз шашылсын дегені екен.
Ал этнографтың айтуынша, негізінен босағаға ащы ілу қазаққа жат. Бұл адамдардың өзі шығарған ырым көрінеді.
"Қазақ ырымында есік тұтқасына, екі босағаға ақ шүберек байлап қояды. Ащы нәрсе ілмейді, байламайды. Өйткені бақ есіктен кіріп, төрге ұялайды, шаңыраққа құт болып қонады. Ал ащы нәрсені есікке байласа, бақ-дәулет үйге кірмейді деп ұйғарады", - дейді Болат Бопайұлы.
Сонымен қатар, тұз ілуге байланысты халық аузында айтылатын тағы бір аңыз бар. Аңызға сәйкес, қазақта бір көрші келіп, екіншісінен тұз сұраса, ол ренжитін болған. Себебі, тұзды сұрамайды, сұратпайды. Тұзды сұрап алса, көрші не жақын адаммен арамыз алшақтап, ұрсысып қаламыз деп сенген. Сондықтан тұзды сұрамай алу керек деген сенім қалыптасқан.
Asylarna телеарнасының ақпаратына сүйенсек, есік сыртына қызыл бұрыш ілу дінде негізі жоқ, шариғатқа қайшы келетін наным-сенімге жатады екен. Бәле-жаладан қорғайды деп қасқырдың тісін, көздің суреті бар тәрелкелер мен тағаны, қызыл бұрышты ілу дұрыс емес. Мұндай наным-сенімдерге неге сенуге болмайтынын автор былай түсіндірген:
"Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді" деген бабаларымыз бұл сұраққа әлдеқашан жауап беріп қойған. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Ғұмар Қараш 1910 жылы "Ойға келген пікірлерім" атты еңбегінде: "Қайдағы бір ескі ырымға сыйынып дін жасау - лайықсыз", - деген екен. («Замана жинағы», 175-б)", - делінген жазбада.
Айта кетейік, бұған дейін босағаға неге кәрі жілік іліп қоятыны туралы хабарланған болатын. Болат Бопайұлының айтуынша, қазақ ежелден кәрі жілік отбасыны жамандықтан қорғайды деп сенген.
"Қазақтар босағаға кірі жілік іліп, үйге жамандық жоламайды, ұры-қара түспейді деп сенген. Үйде ұрыс-керіс болмайды, бақ қашып, құт үрікпейді деп ырымдаған. Бағы заманда бір кедей қойшы мал қорасының айналасына кәрі жіліктер қаз-қатар іліп қойса, қырық ұры, қырық күн торауылдап малдарын ұрлай алмапты. Түнде ілінген кәрі жіліктер, қарақшыларға мылтық асынған қаз-қатар сарбаз болып көрініпті, - деген аңыз бар. Қазақ ырымы осы негізден туған болуы керек", - дейді этнограф.
Тағы да оқи отырыңыздар: Беттегі секпілді қалай кетіруге болады?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә