“Үйге жеттім!“ Қазақ қыздарын қорлаған стример жазба жариялады

Алматыда қазақ қыздарын қорлап, кейін қамауға алынған шетелдік стример Анар Абдуллаев Telegram-да жазба жариялап, үйіне оралғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Екі минуттық Lego стиліндегі анимациялық видеода Абдуллаев Қазақстанда өзі тап болған жағдайды әзілге айналдырып көрсеткен. Ролик аяғында ағылшын тілінде I’m sorry - "Кешіріңіздер" деген жазу шығады.

"Қазақ халқынан тағы да кешірім өтінемін. Осындай жағдай болғанына өкінемін. Ешкімді ренжіткім келген жоқ, тіпті ешкімнің көңіліне тию ойым да болмады. Мен - достыққа адал адаммын. Маған үлкен қолдау көрсеткендердің бәріне рақмет! Мен үйге жеттім! Қайтып келдім!" - деп жазды ол.

Мән-жайы

Ақпанның басында Қазақстанда шетелдік стримерлер қазақ қыздарға қатысты қорлайтын пікірлер айтты. Видео кадрлары әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.

Желіде наразылық күшейгеннен кейін блогерлермен алдымен жергілікті тұрғындар кездесіп, олардан көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етті. Кейін бұл жағдайға құқық қорғау органдары араласты.

Алматы полициясы тексеру жүргізді. Сот шетелдіктерді ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 15 тәулікке қамады.

Сондай-ақ, олардың қылмыстық жауапкершілікке де тартылуы мүмкін екені айтылды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз