Алматылықтар тау бөктерінде өртеніп жатқан ағаштар туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
6 қыркүйекте таңертең сағат 10:00-ден кейін Кеңсай-1 ықшамауданы тұрғындары үйлерінің маңынан түтін байқаған. Қураған ағаштар жанып, ол үйлерге жақындап қалған.
"Дереу өртсөндірушілерді шақырдық. Үйде тек әйелдер мен балалар болғандықтан, қаладан ер адамдарды шақыра бастадық. Олар сағат 12.00-де келіп, өртті сөндіре бастады. Одан кейін сағат 13.00-де біздің бағытқа бес өртсөндіруші келді. Осы уақытқа дейін олар төбенің арғы бетінде өртті сөндіріп жатқан екен", - дейді алматылық Жансая Смағұл.
Сондай-ақ, ол Tengrinews.kz сайтына оқиға орнынан видео жолдаған. Кадрларда өрттің үйге қалай жақындағаны көрсетілген.
Алматы тұрғыны Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында өртсөндірушілер өртті қалай сөндіргенін айтып берген.
"Өрт көлемі үлкен болғандықтан, олар өз күштерімен өрт сөндіруге кірісті. Шланг сатып алып, суға қосып, сөндірді. Бұл жер таулы аймақ болғандықтан, техника жетпейді. Сондықтан бес өртсөндіруші жаяу жүріп сөндірді. Әрине, олар ара-тұра шаршап, демалып алды. Бірақ қазір олар әлі жұмыс істеп жатыр. Қазір үйлерге қауіп жоқ. Өрт шамамен 20 метр қашыққа жақындады. Өрт сөндіруге күйеуім, ұлым және екі туысым қатысты", - деді ол.
Алматы Төтенше жағдайлар департаменті өкілі Сәрсенбаев көшесі бойындағы үйлердің маңында қураған ағаштар өртенгенін айтты.
"Тау баурайының кейбір учаскелері жанып жатыр. Медеу ауданына 21 адам мен төрт техника жіберілді. Сәрсенбаев көшесі екі бөлікке бөлінген, бірақ барлық учаскеге қызметкерлерді жібердік. Жағдай бақылауда", - деді ведомствоның баспасөз қызметі өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!