"Үйдің саңылауынан шыбын, маса кіріп жатыр". Павлодар қаласында тұрғын үйлер құлайын деп тұр

"Үйдің саңылауынан шыбын, маса кіріп жатыр". Павлодар қаласында тұрғын үйлер құлайын деп тұр
Фото: Автордан

Павлодар қаласындағы төрт қабатты үш тұрғын үй құлауға шақ тұр. Жергілікті әкімдік шұғыл комиссия құрып техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау мәселесін қарастырып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Центральная көшесіндегі 2, 6 және 8-үйлер Кеңес Одағы ыдырар кезде салынған соңғы үйлер. Сол кезде құрылысты тұрғын үй комбинаттары мен трестер бастап, соңында студенттер аяқтаған. Содан да болар нысан сапасыз салынған. Іргетасы мықты болғанымен қабырғалары сөгіліп кеткен. Бір апта бұрын әкімшілік арнайы бригада жалдап, үйдің төрт бұрышын темір құрсаумен шеңгелдеп тастауды жөн көрген. Әйтсе де, құрылысшылар бұдан еш нәтиже жоғын айтып, жұмысты тоқтатыпты.

"Осы тамызда бізге төтеншеліктер келіп бекітпе қойыңдар" дейді. Міне, тартпаның біреуі жыртылды. Бүгін жаңасын қойдық. Міне, қозғалып кетті, плитаны қарасаңыз, ар жағы көрініп тұр. Мынау көп ұстамайды ғой. Екі жақтан да кетіп жатыр. Үйдің саңылауынан маса, шыбын, бәрі кіріп жатыр. Әкімге көрсетеміз деп аштық, әкім қарап, кетіп қалды", - дейді апатты үй тұрғыны Ерсін Нығманов.

Қазір апатты үйді арнайы құрылған комиссия тексеріп жатыр. Соның қорытындысы бойынша техногендік сипаттағы төтенше жағдай жариялау немесе жарияламау мәселесі шешіледі.

 "Жағдай өте күрделі. Сондықтан жедел түрде техникалық сараптама  жасауды тапсырамын. Үйдің төбесін ашып, қабырғалардың неліктен қисайып бара жатқандығын анықтау керек. Содан кейін барып нақты шешім қабылдаймыз", - дейді Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков.

Төрт қабатты үш тұрғын үйде 20-дан аса пәтер бар. Егер ТЖ режимі жарияланатын болса тұрғындарды уақытша басқа баспанаға көшіруге тура келеді.

 Е.Базарқұл

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы