- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үйде ұлы айқай...
"Үйде ұлы айқай болды". Абай Бегейдің қызы өгей анасымен қалай танысқанын айтты
Танымал әнші Абай Бегейдің екінші қызы Сымбат Абайқызы өгей анасы Фаризамен қалай танысқанын айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
"Көпшіліктің сұрауы бойынша бүгін апаммен таныстығымыз жайында жазғым келіп отыр. Ең алғаш рет менің туған күнімде кездестік. Әкем Алматы қаласына арнайы туған күнімді тойлау үшін ұшырып әкелді. Туған-туыстарымызбен мейрамханада бас қостық. Бір кезде Рахман деген ағаммен қазіргі апам кіріп келді. Мен Рахман ағаның құрбысы шығар деп ойладым. Қайдан білейін, менің болашақ анам болатынын. Сонымен, әңгімеміз жарасып, күшті сөйлесіп кеттік. Алматыда бірнеше күн болып, Ақтауымызға қайттық. Бір күні сабақтан келіп, Аминокпен есік алдына ойнауға шықсақ, сыртта барлығы бізге тесіле қарап бастады. Түсінбей қалдым, бір кезде құрбым "сенің папаң үйленіп жатыр ма не?" деп сұрады. Сенбей, "құрысын, жоқ" деп тұрсам, папамның достары "Инстаграмдарына" салып, папам мен апаның төрде отырғанын көрсетеді ғой. Сол кездегі менің жағдайымды жай, сөзбен айтып жеткізе алмаймын", - деп жазған Сымбат.
Сымбаттың айтуынша, әншінің үйленуіне балалары қарсы болған. Өнер иесінің үлкен қызы Ерке әкесімен екі жыл араласпаған.
"Екеуінің тойда отырған суреттерін көрген соң сіңлім екеуміз бөлмемізден шықпай, өкіріп жыладық. Мен 10 жаста, Амина 8-де, әлі бөпеміз. Бірақ соның өзінде "Ертеңгі күніміз қалай болады?", "Өгей ана туған анаңның орнын баса алмайды", "Ұрса ше, соқса ше?" деген жаман ойлар келді… Келесі күні үйде ұлы айқай болды. Ерке папаға звондап, біраз ұрсысты. Ертеңіне папа Алматыдан ұшып келді. Аминамен бір бөлмеде отырғанбыз, "қыздарым" деп құшақтамақшы болғанда жоламай, алшақтап кеттік. Не керек, үлкендер жағы әңгімелесіп, Тоты апам (анамның туған сіңлісі 4 жыл бойы бізге қарасқан) киімдерін жинап, кетіп қалды. Жүрегім тарс екіге жарылды сол сәтте. Бізге Бағила деген апамыз қарады, әкеміз жұмыс бабымен Алматыда болды. Бір күні папам "Алматыға қыдырамыз, киімдеріңді жинаңдар" деп бізді Алматыға әкелді. Мен мүлдем күлмеймін, Амина күле қараса, аяғынан ешкімге білдірмей теуіп жіберетін едім, "күлме" деп. Сонымен папа бізді Алматыдағы үйге алып келді, кірсек дастарханды жайып апа күтіп отыр екен. Бетіне қарамай, тіке бөлмеге кіріп кетіп қалдым. Содан біраз уақытқа дейін апамен мүлдем сөйлеспей, араласпай жүрдік. Тіпті күлуді де тоқтатып қойдық. Бірақ папа мен апа біздің бір күлуіміз үшін бәрін істеді. Қазір ойлап қарасам, сол істеген істеріме өкінем. "Қалай ғана түсінбедік" деп ойлаймын. Солай, біз демалысқа келдік деп Алматыда қалып қойдық. Кішкентай кезімізде қатты сынақтың астында қалдық. Бірақ еш өкінбейміз. Өмірлік сабақтар көп болды. Бірақ қазір бәрі жақсы. Апа, Аминок үшеуіміздің ара-қатынастарымыз ерекше. Бір-бірімізге қатты ұқсаймыз. Апамды сыйлаймын, құрметтеймін", - деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек