- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Үйде мектеп жасындағы...
Үйде мектеп жасындағы 5 бала болса, 40 567 теңге оның әрқайсына беріле ме?
28 шілдеде Оқу-ағарту министрлігі өкілдері биыл баланы мектепке дайындау үшін 40 567 теңгеден берілетінін айтты. Министрліктің балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілдері ақша қалай бөлінетінін, кімдерге берілетінін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Комитет мәліметінше, биыл жаңа оқу жылында республика бойынша мектептерде білім алушылардың саны 3,5 миллионнан асады, оның ішінде бірінші сыныпқа қабылданған балалар саны 380 мыңның үстінде. Биыл жалпыға бірдей міндетті білім қорынан 450 мыңнан астам мұқтаж оқушыларға мектеп формасы мен оқу-құралдарын сатып алуға 18 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.
Қоры аясында атаулы әлеуметтік көмек ата-ана қамқорлығынан айырылған, жетім балалар мен жан басына шаққанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және әлеуметтік көмекке құқылы отбасыларға беріледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай салдарынан жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар қаржылай көмек ала алады.
Баланы мектепке дайындау үшін берілетін 40 567 теңгені кім ала алады?
"Атап айтқанда, Абай облысындағы өрт салдарынан қаза тапқандардың балаларының әрқайсысына 500 мың теңге көлемінде материалдық жәрдем көрсетілді", - делінген комитет хабарламасында.
Биыл әрбір білім алушыға берілетін материалдық көмектің ең төменгі мөлшері - 40 567 теңге. Ата-аналар мен балалар мектеп формасын, аяқкиімді, кеңсе тауарларын, әрі жеткізушілерді өз бетінше таңдап ала алады. Комитет өкілдері егер бір отбасында мектеп жасындағы 5 оқушы болса, қаражат оның әрқайсына берілетінін атап өтті. Алайда отбасы қаржылай көмекті ала алатын санатқа жатуы керек.
3 тамыздағы жағдай бойынша, 201 206 балаға ата-аналардың есепшоттарына 8,2 миллиард теңгеден аса қаражат аударылған. Ата-аналар тауарлар сатып алғаннан кейін оны растайтын құжатты ұсынуы керек. Материалдық көмек тамыз айының соңына дейін ата-аналардың мектеп директорының атына берген өтініші негізінде беріледі.
Комитет мәліметінше, бүгінде өңірлерде кәсіпкерлердің көмегімен мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Жәрмеңкеде мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын жеңілдетілген бағамен сатып алуға болады.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина