Ranking.kz мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан ДДСҰ рейтингінде суицид деңгейі ең жоғары 20 елдің қатарына кіреді. Құқықтық статистика комитеті мен ДДСҰ мәліметтері бойынша, ерлер бұл қадамға әйелдерге қарағанда 4-5 есе жиі барады екен. Дегенмен әйелдер арасында да бұл көрсеткіш азаймай тұр. Мысалы, былтыр Алматыда әйел кішкентай үш баласымен бірге 9-қабаттан секіріп кеткен болатын.
Әйелдер қандай себеппен суицид жасайды? Оның алдын алу жолы қандай? Осы сауалдарға психолог Нұрсұлу Сейдакова жауап берді.
Маман алдымен адамды суицидке итермелейтін себептерді атады:
- Өзін ешкімге керексіз сезіну, ешкім түсінбейтіндей сезіну, өзін ешкім жақсы көрмейді деп ойлау.
- Ұзақ уақыт күйзелісте жүру, галлюцинация, депрессивті психоз;
- Қаржылық күйзеліс, босанғаннан кейінгі күйзеліс;
- Шарасыздықты сезіну, ертеңгі күннен үміт үзу;
- Өзі тұлға ретінде қалыптаспаған кездегі күйзеліс, өзін біреуге масыл сезіну;
- Жақын адамын жоғалту, түсік тастау;
- Ажырасу, жауапсыз махаббат.
"Адам өзін біреуге масыл сезінген кезде "кетейінші" деп ойлайды. Не үшін балаларын бірге алып кетіп жатыр? Өйткені ол айналасындағы адамдарға, ата-енесіне, жолдасына сенбеуі мүмкін. Балаларым "біреуге масыл болмасын" деген оймен, жетімсіреп жүрмесін деп осындай қадамға барып жатады", - дейді психолог.
Психологтың сөзіне сүйеніп, суицидке себеп болатын бірқатар факторға тоқталайық.
"Кесел" деп жылы жабамыз..."
"ДДСҰ зерттеулеріне сәйкес, суицидтің тағы бір себебі - тұқымқуалаушылық. Сондай-ақ, бала күнінде алған травмасы да әсер етуі мүмкін. Ол өсе келе шығуы мүмкін. Дегенмен өз-өзіне қол жұмсаған кезде адам бір ғана себептен осындай әрекетке барды деп айта алмаймыз. ...Қандай жағдай болса да, сырт көзге оқыс оқиға сияқты көрінеді, бірақ адам бұл ойды бұрыннан ойлап жүреді. Оның мінез-құлқы өзгереді. Бір күнде жасамайды. Біз "кесел" деп жылы жабамыз. Ал ғылыми тұрғыда "кесел" дегеніміз - психикалық бұзылыс", - дейді Нұрсұлу Сейдакова.
Күйзелістен кейінгі депрессия
Күнделікті тіршілікте қазақ әйелдерінің көпшілігі бала босанған соң аяғын жылы суға малып отырмайтыны жасырын емес. Басым бөлігі қонақ күту, үй тіршілігімен әуре болып кетіп жатады.
"Қазақ әйелдерінің босанып келгеннен кейін анау айтқандай күтімі болмайды. Келім-кетім қонақ, құттықтап келушілер. Ал босанғаннан кейінгі депрессия 1.5, 2, 3 жылға созылуы мүмкін. Кем дегенде жарты жыл болады. Адамнан адам шығуы оңай емес. Гормондары да, психикасы да өзгереді. Біз оған мән бермей жатамыз. Енелер "өзіміз ешқандай депрессияны білмедік. Бесеу тудым" деп жатады. Қолдау жоқ. Әйел "жағдайым мәз емес" деп айналасына белгі беріп жатыр. Ол "себепсізден себепсіз жылай беремін, басым ауырады" деуі мүмкін. Ал айналасы оған кері жауап бермейді, көңіл бөлмейді. Балалардың арасы кемінде 3 жас болуы керек. Бірінен кейін бірін босану да күйзеліске алып келеді. Психологиялық, физиологиялық жағынан ағза қалпына келіп үлгермейді. Ата-ене, бала өзіне көңіл бөлуді талап етеді. Ағза шаршап, күйзеліске ұшырайды. Оны айтса, дер кезінде көмек көрсетілмейді", - дейді маман.
Түсіктен кейін ағза қанша уақытта қалпына келеді?
Сүймей қосылудың салдары қандай болды?
Психолог өмірде болған бір оқиғаны баяндап, "өз өмірің үшін өзің ғана жауапкершілік алуың қажет" деген қағидат қаншалық маңызды екенін түсіндірді.
"2017 жылы бір келіншек өзі келді. Тараздың адамдары, бірақ Алматыда тұрады. Әйелдің жасы 28-де болды. Тұрмысқа шыққан. Келіншектің айтуынша, бір мекемеде есепшінің көмекшісі болып жұмыс істеген. Сол жерде жұмыс істейтін әйел ұлына қосқан. Жігіттің сүйген қызы болған. Екеуі сүймей қосылған. Кейін жігіт негізі басқа қызды ұнатқаны, анасы алып бермегенін, үйленгеннен кейін де кездесуін тоқтатпағанын біледі. Енесі қыздан ажырату үшін бұларды Алматыға көшіреді. Келіншек дүниеге бір бала әкеледі. Арада уақыт өткен соң жігіттің сүйген қызы тұрмысқа шығады. Ал жігіт күйзеліске түседі.
Сөйтіп, Атырауға жұмысқа кетеді. Ол жерде өзінен жасы үлкен келіншекпен байланысып, ол әйелдің де аяғы ауыр болады. ...Әйел күйзеліспен келді. Осылай жүргенде тағы да көтергенін білді. Маған "өмір сүргім келмейді, ешкімге керек емеспін" деп келді. Шарасыздықтан келді, сыртта - бір бала, ішінде - бір бала. Екеуміз жұмыс істей бастаған кезде балалық позицияда қалғанын байқадым, өзін зәбір көріп жүрген адамдай сезеді. 28 жаста болса да, өз-өзіне жауапкершілік ала алмайды. 4 рет кездестік, араға жарты жыл салып тағы кездестік. Қолжеткізген нәрсем - бала позициясынан шығуға көмектесу, өз өмірі үшін күресуге ұмтылдыру. Ал басында кішкентай қырсық қыз секілді болды...", - деп әңгімеледі ол.
Үйде - ханшайым, ұзатылған соң...
Нұрсұлу Сейдакова бала кездегі тәрбие есейген кезде айтарлықтай әсер ететінін түсіндірді.
"Бізде "оқу бітіргенше жігітпен жүрме" дейді. Кейін "сен неге тұрмысқа шықпайсың?" деген әңгімелер басталады. Кішкентай кезінен айтпайды, бейімдемейді. 7-8 жастағы қызы бар әкеге "ертең сенің қызың өзге үйге барып қызмет қылады" десең, "ой, жоқ, менің қызым олай істемейді" дейді. Бірақ өзінің әйелі де солай істеп отыр. Сонда қыз бен келінге деген екі түрлі көзқарас бар. Қыз үйінде "ханшайым" болып өмір сүреді, ал тұрмысқа шыққанда, басына жай түскендей болады", - дейді маман.
Айналасындағылар байқай ала ма?
Психолог суицидке бекінген адамдарда байқалатын белгілерді санамалап берді: оқшаулану, тәбеті болмау, ашуланшақтық, біртүрлі түстер көру және оны айту, қоғамда болып жатқан қорқынышты жайттарды көп әңгімелеу, ешқайда шыққысы келмеу, сөйлескісі келмеу, телефон қоңырауына жауап бермеу.
"Осындай белгілерді байқаса, дер кезінде маманға жүгіну қажет. Жылы сөздер айту керек. "Қандай жағдай болмасын адам өмірі ең маңызды, бәрін бірге жеңеміз" деп қолдау көрсетіп, жүрегіне жол табу қажет", - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда тұрмыс тауқыметін тартып жүрген аналар жүгіне алатын орталықтар тізімін ұсынған едік.