Талғарда қаза тапқан жасөспірімнің әпкесі Перизат Нұрымова өрт туралы Massaget.kz тілшісіне сұхбат берді.
"Бүгін негізі – Шерзаттың "жетісі" ғой. Жетісін Талғарда қайтқан күні таратып жіберген болатынбыз, бірақ мына үйден "Иіс шығарайық" деп дайындалған едік. Іштің бәрін сыпырып, жуып, тазалап кеттік. Кешке дейін осында болдық", – деді ол.
Оның айтуынша, көршілері өртті сөндіруге тырысқанымен, бұл мүмкін болмаған. Өртсөндірушілер оқиға орнына шамамен 20 минутта жеткен.
"Мына жақта мектепте істейтін мұғалім бар. Түнде түрін танымадым, жылап тұр екен. Сол кісінің баласы көрген екен. Тағы бір кісінің жолдасы кеш келіпті. "Шай берейін деп жатсам, дала жарық боп кетті, терезелерге қарасам, түк көрінбейді. Далаға шығып қарасам, осы жаққа қарай жүгіріп бара жатыр екен" деді. Жүгіргендеріне қарағанда, қатты жанып жатқан ғой. Су шашатындай болған жоқ, өрт сөндірушілерге әрең хабар бердік" деді. Өшіріп үлгергенінен қалғаны осы болып тұр ғой", – деді Перизат Нұрымова.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Болаттың үйі өртеніп кеткенін хабарлаған едік.
Марқұмның отбасын полиция күзететін болды.
Осы оқиғадан кейін Бас прокуратура мәлімдеме жасады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!