- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үйді айналып жүгірдім"....
"Үйді айналып жүгірдім". Су тасқынында жоғалып кеткен жандардың туыстары жанайқайын жеткізді
Қарғын судың құрсауында қалған Құлсарыда топан судың салдарынан екі адам о дүниелік болып кетті. Трактормен тұрғын үйді барлауға кеткен екі азаматтың денесі 7 сәуір күні табылды. Ал қазір алтыншы сәуір күні "үйді қарап келеміз" деп кеткен бір үйдің қос азаматы іздестіріліп жатыр. Massaget.kz тілшісі жоғалған жандардың туыстарын сөзге тартып көрді.
Әкесі мен ағасынан бір күнде көз жазып қалған Диана Нұржауовның үрейінен үміті басым. Қос қанаты табылар деген соқыр үмітпен жағаға соққан толқынның жанынан кеткісі жоқ. Алайда Болатбек Ермекбаев пен Асылхан Нұржауды іздеуде бейқамдық танытқан жергілікті жердегі жауаптыларға өкпесі қара қазандай.
фото: Жоғалған азаматтың қызы Диана Нұржауова.
"Біз әкем мен ағамды іздестіріп екі күннен бері жүрміз. Алтыншы сәуір күні сағат 12 лерде Алтыншы ауылдан түскі ас ішіп шығып үйге келеді. Содан кейін суға кеткен үйді қараймыз деп көлікпен шығып кеткен. Машинасын дүкеннің қасына қалдырған. Содан бері із-түссіз жоқ. Сағат төртте Қосшағылдан келіп өзіміз іздей бастаймыз. Сол кезден бастап ТЖД өкілдеріне, полицияға хабар бердік. Бірақ біз келгенге дейін құзырлы органдар қимылдамады. Полицияның өзі келесі күні сағат ондар шамасында келді. Ал төтеншеліктер көмектеспеді. Мен аудан әкіміне, орынбасарына бәріне бардым. Бізге әкімдіктен ешқандай көмек болған жоқ. Оларға адам шығыны маңызды емес", - дейді жоғалған азаматтың қызы Диана Нұржауова.
Құлсарыдан көмек болмаған соң жоғалған жандардың жақындары журналистердің көмегіне жүгініпті. Құтқару қызметі де қоңыраудан кейін қауырт іске кіріскен.
"Қайықтардың барлығы Құлсарыда бар екен. Алайда бізге екі күн бойы бұл техникаларды бермеді. Бензин жоқ деп сылтауратады. Журналистерге айтқан соң тығып отырған қайықтарын алып келді. Құтқарушылардан басқа бізге кім көмектеседі? Ең құрығанда полиция өкілдері осы аймақты күзетуі керек. Себебі менің әкем мен ағам секілді қанша адам үйлерін қарау үшін кетіп жатыр. Олар да ойда-жоқта жазым болуы мүмкін ғой?!", - дейді туыстары.
Полиция өкілдері жоғалған адамның орнын телефон арқылы анықтауда жарытып жұмыс жасамаған. Тек бүгін ғана төтеншеліктермен бірлесіп, іздестіру жұмыстарына кіріскен.
"Полиция адамдар жоғалған жаққа мені көлікпен апарды. Ішінде отырған алты адам маған жабылды. "Менің үстімнен арыз жазсаң да мен іздемеймін", - деді. Қараңғыда өзім көліктен түсіп, аяғымдағы крассовкаға қарамастан су кешіп, үйді айналып жүгірдім. Ал киіммен отырған ТЖД өкілдері ештеңі істемейді", дейді қаршадай қыз.
фото: Екі азаматтың жақындары жарық болмаған соң түнімен резеңке жағып, жоғалғандарды іздепті.
Ал төтеншеліктер әрбір қоңырауға уақытылы жауап беріп, жедел әрекет етіп жатқандарын жеткізді. Қазір жоғалған жандарды іздестіруге 8 қайық пен 20 адам жұмылдырылыпты.
фото: Атырау облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов.
"Алғашқы күні сиреналар қосылып, тұрғындарға құзіреттік шаралар арқылы хабарламалар берілді. Соған қарамастан адамдар су басқан үйлеріне барғысы келіп қайықтар сұрап жатыр. Алайда ол аумақтарға баруға болмайды. Күні кеше екі адамның мәйіті табылды. Ал қазір әкелі-балалы екі адам тәулік бойы іздестіріліп жатыр. Полиция депортаментінің көмегімен ұялы телефондарының соңғы рет бірінші шағынауданда қосылғанын да анықтадық. Десек те әзірге іздестіру жұмыстары нәтиже бермей тұр", дейді - Атырау облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Жантөре Демешов.
Әкімдік өкілдері біздің сұрақтарымызға мардымды жауап бермеді. Ал жоғалғандардың жақындары туыстарын тезірек тауып беруін талап етіп отыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов