- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұят емес". Гинеколог...
"Ұят емес". Гинеколог баламен жыныстық сауаттылық жайлы қалай сөйлесу керегін айтты
Гинеколог-дәрігер Ирина Сугурова "Oy-detox" подкастына баламен жыныстық сауаттылық жайлы қай жастан бастап және қалай сөйлесу керегін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ирина Сугурова баламен кішкентай кезінен бастап жыныстық сауаттылық жайлы сөйлесуді бастау керегін айтты.
"Ел болам десең, бесігіңді түзе" демекші баланың тілі шыққаннан бастап, мүшелерін өз атауымен атау керек. Мысалы, "пішінәй" деп жатады. Оның бәрі дұрыс емес. Өз атауымен атап, "ол тек қана сенің мүшелерің, оны ешкім ұстауға болмайды, ешкімге көрсетуге болмайды" деп балабақшаға баратын кезінен бастап жаймендеп үйретіп бастау керек деп ойлаймын. Себебі қыз бала 15 жасқа толған кезде неше түрлі ақпаратты, соның ішінде өтірік ақпараттарды да сырттан, құрбыларынан естігеннен ода дұрыс емес түсініктер қалыптасады. Сондықтан балабақша кезінен бастап-ақ қыз балаға анасы түсіндіруі керек", - дейді маман.
Маман ұл балаларда 13 жасқа толған кезде жыныстық қызығушылық пайда болатынын айтты.
"Ер балаларға да әкелері түсіндіріп айтуы керек. Ұлдарға да жыныс мүшелерін өз атымен айтып, олар тек оныкі екенін, ешкімге ұстатуға, көрсетуге болмайтынын айту керек. Қазір ер балаларға да көрсетіліп жатқан түрлі зорлық-зомбылық жайлы естіп те, көріп те жатырмыз. Сондай-ақ қыз балаға деген құрметті үйрету керек деп ойлаймын. Ұл балада 13 жасқа толған кезде жыныстық қатынасқа қызығушылық пайда болады. Сондықтан осы жасқа келген балалармен жыныстық қатынасқа түскен кезде қалай қорғану керек, қорғанбаған жағдайда не болуы мүмкін екенін үйрету керек", - дейді Ирина Сугурова.
Гинеколог баламен жыныстық сауаттылық жайлы сөйлесу ұят емес екенін атап өтті.
"Қазірден бастап балаларыңызбен жыныстық сауаттылық жайлы сөйлесу ұят емес. Ертең ұлыңыз бір қызды жүкті қылып келсе немесе қызыңыз жүкті болып келсе, сол кезде ұяласыз. Ал қазірден бастап баламен ашық түрде жыныстық сауаттылық жайлы сөйлесу ұят нәрсе емес. Бізде "жаныңды шығарамын", "өлтіремін", "ұятқа қалдырма" деп тәрбиелейді. Ұятқа қалмас үшін анасы отырып бәрін түсіндіруі керек. Қызыңызға "қандай жағдай болмасын ең бірінші досың - менмін, маған келіп айтсаң болады" деп сенімді қарым-қатынас орнату керек. Егер ата-ана бұл жайлы сөйлесуге ұялса, баланы маманға апаруға болады", - деп кеңес берді Ирина Сугурова.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова