"Ұят болды". Бірінші орынбасары парамен ұсталған БҚО әкімі қызметінен кете ме?

"Ұят болды". Бірінші орынбасары парамен ұсталған БҚО әкімі қызметінен кете ме?
Фото: gov.kz

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бұрынғы орынбасарының әрекеті үшін ұялатынын, бірақ отсавкаға кетпейтінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ОКҚ-де өтіп жатқан баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі Нариман Төреғалиевке "Заңға сәйкес, егер басшының орынбасары немесе оған бағынышты қызметкері (парамен) ұсталса, басшы отставкаға кетуі керек. Сіздің орынбасарыңыз қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып сотталып, оған айыппұл салынды. Сіз отставкаға бердіңіз бе?" деген сауал жолдады.

БҚО әкімі экс-орынбасарымен сөйлескенін айтты.

"Менің орынбасарым Ержан Балтаев өкілеттігін асыра пайдаланып, сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша айыпталған еді. Ержан Талғатұлы 2023 жылғы ақпанда осы қылмысты жасаған. Мен "Мемлекеттік қызмет істері туралы" заңның 60-бабына тоқталғым келеді. Мәселе қалай болды? Біріншіден, біз әлеуметтік желіден осындай мәселе болғанын көрдік. Содан кейін мен орынбасарымды өзіме шақырдым. Осы мәселе жөнінде сұрап білдім. Біз комиссия құрдық. Оның қорытындысы бойынша ол (Ержан Балтаев - еск.) өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын мойындап, түсініктеме жазды. Осыған байланысты мен оны теріс қылықтары үшін жұмыстан босаттым. Бұл сотқа дейін болды", - деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі заң талабын сақтағанын, отставкаға кетпейтінін жеткізді.

"Екіншіден, мен отставка жөнінде де ойландым. "Мемлекеттік қызмет туралы" заңға сәйкес, маған бағынышты орынбасарымның қылмыс жасаған мерзімі 3 айдан асып кетсе, мен отставкаға беремін. Яғни сіз айтқан 10 күннің ішінде. Бірақ ол (Ержан Балтаев - еск.) қылмыс жасаған кезде 3 ай болмаған. Қылмыс 3 айдың ішінде болған. 2022 жылғы 2 желтоқсанда мен БҚО әкімі қызметіне тағайындалдым. Демек, биыл ақпанда менің облыс әкімі қызметін атқарғаныма тек 2 ай болды, 3 айға толмаған. Қылмыс жасаған мерзім 3 айдан асып кетсе, яғни сәуір, маусымда болса, мен отставкаға берер едім. Сондықтан мен заңға сәйкес, отсавткаға берген жоқпын. Заң бәрімізге ортақ", - деді ол.

Нариман Төреғалиев облыс әкімдігінде мұндай жағдай болғаны ұят екенін, енді ондай болмас үшін аудит жүргізіліп жатқанын айтты.

"Ержан Балтаевқа тоқталайын. Әрине, мұндай жағдай болғаны өкінішті. Сол кезде ол менің қарамағымдағы бірінші орынбасарым болды. Оның осындай өрескел заңбұзушылыққа барғаны мен үшін және мен басқарып отырған әкімшілік үшін өте ұят болды. Оны біз мойындаймыз. Алдағы уақытта осындай жағдай болмас үшін біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментпен бірге жол картасын әзірледік. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлыққа жақын яғни көбіне қаражат көп жүретін мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрық арқылы біз ішкі аудит жүргізіп жатырмыз", - деді облыс әкімі.

Аяз Есен

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz