“Ұят болады“. Қазақстанға жемқорлардың жария тізімі неге керек?

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов Қазақстанға сыбайлас жемқорлардың жария тізімі не үшін қажет екенін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сарқұловтың сөзіне сенсек, мұны енгізу бюджеттен ешқандай шығынды талап етпейді.

"Біз бұл мәселеде басқа мемлекеттік органдармен жан-жақты жұмыс істедік. Бұл мемлекеттік тізілімді енгіземіз, ол ешқандай шығынға ұшыратпайды. Ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдар бойынша соттың соңғы үкімдері болады. Біз "Ұят болады" дейміз. Ұят болмас үшін олар осы тізімде болады", - деді Ұлан Сарқұлов Мәжіліс дәлізінде.

Сарқұлов тізімге заң күшіне енгеннен кейін сотталған жемқорлар ғана кіретінін мәлімдеді. 

Бұған дейін не белгілі?

Қазақстанда жемқорлардың жария тізімі пайда болады. Бұл туралы 15 қаңтарда өткен Мәжіліс отырысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлімдеді.

Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қарады. Тиісті заң жобасымен 3 кодекс пен 5 заңға түзетулер енгізіліп отыр. Түзетулердің басым бөлігі жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын жүзеге асыруға бағытталған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!