- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұят, әрине". Аида...
"Ұят, әрине". Аида Балаева Астанада өткен Akon-ның концертіне қатысты пікір білдірді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жуырда өткен шулы концерттен кейін елге шетелдік әртістердің келуіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер министрге депутат Аманжол Алтайдың өтінішін еске салды. Депутат Akon концертінен кейін қазақстандық жастардың, әсіресе, қыздардың тәрбиесіне тоқталды.
"Сұрақ Akon концертіне қатысты. Сонымен, сіз әйел ретінде оның Қазақстандағы концерті үшін өзіңізді ыңғайсыз сезіндіңіз бе?(...) Ереже жасау керек деген ұсынысқа қалай қарайсыз? Шетелдік әртістердің гастрольдеріне тыйым салу қажеті пе?" – деп сұрады журналистер министрге.
Аида Балаева шетелдік әртістің концертіндегі қазақ қыздарының қылығын ұнатпағанын айтты.
"Осы концертте мені орындаушыға ішкиім лақтырған қыздарымыздың мінез-құлқы алаңдатты. Ұят, әрине. Әртістерге реакция білдіреміз деп, кейде шектен шығып кетеміз", - деп жауап берді Балаева.
Ол шығармашылық индустрияның дамуы үшін Қазақстанға "әртүрлі жанрдағы жұлдыздардың" келетінін айтты. Қазақстандық өнерпаздар да аудиториясын кеңейту үшін басқа елдерге гастрольдік сапарға шығады.
"Бәріне тыйым салу мүмкін емес, министрлік өз кезегінде назарын аударып отыр... Біздің мәдениет мекемелерінде мұндай концерттер өтпейді. Бұл концерттерді негізінен жеке құрылымдар ұйымдастырады, әрине, олар да бұл жағдайды ескереді. Олар көрермендерді, белгілі бір жұлдыздардың танымалдылығын ескеріп шақырады. Бұл - коммерциялық концерттер. Біз оған араласпаймыз", - деп қосты министрлік басшысы.
Оның айтуынша, Мәдениет министрлігі бұл әртістердің "әдепсіз сөздер қолданбайтынына, өздерін әдепті ұстайтынына және сахнаны саяси ұран алаңына айналдырмайтынына" назар аударады.
"Сондықтан біз мұндай нәрсеге назар аударамыз, ал тыйым салу... Бұл бизнес қой. Бизнесте ақша табу керек, қаражат тарту керек", - деді Аида Балаева.
Ведомство басшысы бұл тақырып бойынша депутаттық сауалды министрлік міндетті түрде зерттейтінін атап өтті. Мүмкін олар біраз өзгерістер енгізеді.
"Мүмкін, біз осындай жұлдыздарға қатысты келісімшарттарда мәдени дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызға қайшы келетін кейбір нормалар анық жазылғандай етіп, заңнама қарастыратын шығармыз", - деді министр.
Еске салайық, бұған дейін депутат Аманжол Әлтай Мәжіліс отырысында ұлттық құндылық және тәрбие мәселесін көтерген еді. Аманжол Әлтай Астанада өткен AKON-ның концертіне байланысты бірнеше аспектлерге тоқталды.
"Біріншіден, концерт кезінде жанкүйер жастар әншіге іш киімін лақтырып, төмен моральдық мінез-құлық көрсетті, еліміздің беделіне нұқсан келтірді. Екіншіден, ұлттық өзегі әлсіз, өзгені пір тұтқыш жастар әндердің контекстінде байқалатын гендерлік кемсітушілік мәселесін, қыздардың намысын, абыройын қорлайтын теріс мазмұнын аңғармай есі кетті. Үшіншіден, "smack that" әнінің мәтінінен эротикалық сипаттағы нәпсіні қоздыруға итермелейтін, сананы лайлап, тәрбиеге теріс әсер ететін қауіпті мазмұнды аңғарамыз", - дейді депутат.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек