- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұялы телефоныңызды ауыстыру...
Ұялы телефоныңызды ауыстыру керегін көрсететін 7 белгі
Xatakandroid порталы жаңа смартфон алу керегін білдіретін 7 белгіні ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Gazeta.ru"-ге сілтеме жасап.
Ұялы телефонды жаңа модельге ауыстыру керегін көрсететін негізгі белгілердің бірі – жад көлемінің жеткіліксіздігі. Егер қолданушы басқа нәрселерді сақтап алу үшін немесе қосымша жазып алу үшін үнемі файлдарды өшіретін болса, жад көлемі көбірек жаңа құрылғы сатып алу жайлы ойлану керек.
Келесі проблема – батарея зарядының жылдам бітіп қалуы. Құрылғы ескіре бастаған кезде аккумулятордың сыйымдылығы азая түседі, бұл оның қызмет ету мерзімінің қысқаруына әкеледі. Бұрын күні бойы жұмыс істеп тұрған сенімді смартфон уақыт өте бірнеше сағаттың өзіне әрең шыдайды.
Тағы бір себеп – түрлі факторлар себебінен смартфон жұмысының баяулауы. Егер құрылғыңыздың өнімділігі әлсіз болса, бұл жаңа смартфон алу керегін көрсететін айқын белгі.
Баяу жұмыс істеумен байланысты тағы бір фактор – гаджеттің үнемі қызып кетуі. Кей жағдайда мұндай құрылғыны пайдалану қауіпсіз болмауы мүмкін.
Сондай-ақ смартфонды ауыстыру керегін білдіретін айқын белгінің бірі – оның физикалық зақымдалуы. Мысалы: экранның сынып қалуы, батырмалардың жұмыс істемеуі, қуат алатын ағытпаның бұзылуы және т.б.
Оған қоса, ескі смартфондар иесі құрылғысының жұмысқа қажетті кей қосымшаларды ашпай бастағанын байқауы мүмкін.
Соңғы белгіге телефоныңызға қап таба алмау жатады. Дүкендер ескі модельдерге арналған аксессуарларды сұрыптамадан біртіндеп шығара бастайды.
Оқи отырыңыз: Телефондағы мына құпиясөздерді бірнеше секундта бұзып алады
А. Жапатова