- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ұялы байланыс тарифі...
"Ұялы байланыс тарифі 2 есе қымбаттады". Министрлік байланыс операторларын тексергісі келмейді
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев ведомство ұялы байланыс тарифінің бағасын реттеуге араласпайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Максим Рожин ұялы байланыс тарифін екі есе қымбаттағанын айтып, өзекті мәселені көтерді.
"Сұрағым еліміздегі ұялы байланыс және интернет тарифтерінің құнына қатысты. Соңғы 2 жылда (тарифтердің бағасы - еск.) 2 есе өсті. Жалпы әлемде интернеттің 1 гигабайттың бағасы төмендеп жатыр. Бірақ еліміздегі инфляцияны ескерсек, тариф құны өсіп жатыр. Ұялы байланыс нарығына, оның бәсекеге қабілеттілігіне қатысты сын айтылып жатыр. Бірақ 2 монополистің ұсынған қызметіне қатысты елдің сыны көп. Осыған қатысты 2 сұрақ бар: Ұялы байланыс қызметі қоғамдық маңызы бар нарықтар тізбесіне қашан енеді? Тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін мемлекеттік реттеу объектісі қашан жұмыс істейді?" - деді ол.
Жаслан Мәдиев министрлік ұялы байланыс тарифінің бағасын реттеуге араласпайтынын айтты.
"Кәсіпкерлік кодекске сәйкес 2017 жылдан бері байланыс операторлары көрсететін қызметтің бағасын реттелмейді. Байланыс операторлары шығындарды ала отырып, тарифтерді дербес белгілейді. Байланыс операторлары баға келісімін немесе бағаны негізсіз көтерген жағдайда бәсекелестікті қорғау агенттігінің құзыретіне жатады. Енді біз министрлік ретінде бағаны реттеу қажетсіз деп санаймыз. Себебі саланың инвестициялық тартымдылығын төмендейді деп ойлаймыз. Министрлік салаға инвестиция тарту үшін қазір байланыс операторларымен жұмыс істейді. Мысалы, жақында біз Beeline компаниясымен 5 жылдың ішінде 1 миллиард инвестиция салу жөнінде меморандумға қол қойдық. Басқа байланыс операторлармен де осындай жұмыс істеліп жатыр. Операторлардың көрсететін қызмет сапасын біз де бақылауда ұстаймыз. Өзіңіз білесіздер, (байланыс операторына салынатын - еск.) айыппұлды 10 есе көтердік: 100 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін көтердік", - деді министр.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
А. Есен