- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұялы байланыс операторлары...
Ұялы байланыс операторлары тарифін неге жиі қымбаттатады? Beeline өкілі жауап берді
Бүгінде халықтың көпшілігі ұялы байланыс операторлары бойынша тариф түрлерін қолданады. Ал тарифке интернет, хабарлама мен хабарласу минуттары кіреді. Редакциямызға Beeline тұтынушысы жүгінді. Оның сөзінше, бұрыннан қолданып жүрген тарифінің бағасы әп сәтте 1000 теңгеге көтерілген. Massaget.kz тілшісі компанияға ресми сауал жолдап, қандай жағдайда тариф қымбаттайтынын сұрады.
Редакция оқырманының айтуынша, бұған дейін қолданып жүрген, құны 3990 теңге тұратын тарифі келер айдан бастап 4780 теңгеге өскен.
Оқырман жіберген сурет
Beeline компаниясының баспасөз қызметі мәліметінше, ұялы байланыс пен интернет тарифтерін өзгерту - қалыпты тәжірибе. Бұған заң бойынша рұқсат етілген екен.
"Тек оператор өзгерісі туралы ақпаратты клиентке 30 күн бұрын жіберуі тиіс. Тарифтер бірнеше себеппен өзгертіледі. Байланыс сапасын ұстап отыру және жақсарту желіні дамытуға үлкен инвестиция салуды қажет етеді. Осы мақсатта компания 2020 - 2022 жылдар аралығында 100 миллиард теңгеден аса қаржы салған еді. Оның үстіне, бүкіл ел сияқты, бізге де инфляцияның, девальвацияның, электр қуаты бағасының қымбаттауы және басқа да бірқатар фактордың ықпалы тиеді және біздің кейбір тарифтеріміз бен қызметтеріміздің бағасы нарықтағы бағадан төмен. Сондықтан кейбір тарифтеріміздің бағасын көтеруге мәжбүрміз. Бірақ біз әрдайым клиенттеріміздің қалауын ескеруге тырысамыз. Абоненттеріміз жинағы көп тарифтерді жиі таңдайды. Сондықтан тарифтерде гигабайт мөлшерін көбейтіп немесе кейбiр қызметтердің қолдану мерзімін ұзартып жатамыз", - деді компания өкілі.
Компанияда ардагерлер мен зейнеткерлерге арналған тариф түрі бар екен. Соған сай оның құны төмен.
"Бізде әртүрлі адамдар тобының қажеттіліктеріне сәйкес келетін тарифтер түрі бар. Тарифтің бастапқы құны - 2290 теңге, соғыс ардагерлері, зейнеткерлер мен мұғалімдерге арналған", - деді баспасөз қызметі өкілі.
Ал басқа адамдарға арналған тариф сәйкесінше қымбаттайды. Компанияда ең қымбат тариф құны 10 мың теңгеге дейін жетеді.
"Басқа санаттағы адамдар үшін пакетте интернеті бар тариф құны 3190 теңгеден басталады. Ең қымбат тариф - 9990 теңге", - делінген ресми сауалға жауапта.
Еске салайық, бұған дейін Алматының айналасындағы тұрғындар интернеттің игілігін көре алмай жүргеніне шағымданғаны хабарланған болатын.
Алатау ауданы қарасты Мәдениет және Рахат шағынауданының тұрғындары өздерін XX ғасырда қалып кеткендей сезінеді. Себебі интернет желісінен де, мобильді байланыстан да мақұрым қалған. Ай сайын мобильді операторларға 3-4 мыңдап тариф салатын халық интернетке жарымай отырғанына наразы.
"Сеть дұрыс ұстамайды. Beeline де, Activ те. Сөйлесейін десең байланыс жоқ. Сөйлесу үшін терезе жағалап, сеть қуалап жүреміз. Бір айдан бері жөнді интернет жоқ. Соны жөндесін. Антенна, биік-биік башня қойсын", - деген еді Рахат шағынауданының тұрғыны.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова