Мұғалімдер BilimClass электронды журналында үй тапсырмалары жоғалып, жүйеге кіру қиындағанына шағымданды. Компания техникалық ақауды растап, деректердің бір бөлігі уақытша көрсетілмеуі мүмкін екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Massaget.kz.
27 қарашада әлеуметтік желіде жарияланған жазбалардың бірінде педагог барлық сынып бойынша бір тоқсанның үй тапсырмалары көрінбей қалғанын айтқан.

Threads-тегі жазбалар
«Тұтас бір тоқсанның еңбегі! Бәрі қалпына келеді деп күтеміз бе, әлде тоқсан басында не бергенімізді еске түсіріп, қайта жаза бастаймыз ба?» – деп жазды мұғалім.
Басқа пайдаланушылар да осындай мәселеге тап болғанын жеткізген. Кейбірінде тапсырмалар ашылмаса, енді бірінде қосымшаға кіру мүмкін болмаған.
Компания не дейді?
BilimClass өкілдері платформада техникалық ақау болғанын хабарлады. Оның салдарынан кейбір пайдаланушылар жүйеге кіре алмай, бағалар, сабақ кестесі және үй тапсырмалары уақытша көрінбеуі мүмкін.
«Платформаның толыққанды жұмысын тезірек қалпына келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз», – делінген компания хабарламасында.
Компания қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, мамандар ақауды жоюмен айналысып жатқанын жеткізді. Алайда жүйенің қашан толық қалпына келетіні, қанша пайдаланушы зардап шеккені және мұғалімдерге ақпаратты қайта енгізу қажет пе екені әзірге нақтыланбаған.
Деректердің біржола жойылғаны туралы ресми мәлімет жоқ. Компания ақпараттың уақытша көрсетілмеуі мүмкін екенін түсіндірді.
BilimClass – педагогтер баға қойып, журнал толтыратын және үй тапсырмасын беретін платформа. Оқушылар мен ата-аналар жүйе арқылы үлгерімді, сабақ кестесі мен тапсырмаларды қарай алады.
О. Сансызбай