Үй шайқалып, қабырғалар қақырайды: Ақсу тұрғындары күн сайын үрей құшағында

Степногорск қаласы маңындағы Ақсу кенті бірнеше жылдар бойы ауыр дүмпулерден зардап шегіп келеді. Кенттің іргесінде "Алтын Алмас" акционерлік қоғамы компаниясы ірі көлемде алтын өндіреді. Жарылыстар салдарынан тұрғын үйлердің іргесі ыдырап, қабырғалары қақырай сөгіліп кеткен. Отыздан аса үй тіпті апат жағдайына ұшыраған. Алайда түйінді мәселе күні бүгінге дейін шешімін табар емес. Massaget.kz тілшісі осы мәселеге орай Ақсу кентінің тұрғындарымен тілдескен еді.

Бүгінде шағын ғана Ақсу кентіндегі 300-ден аса тұрғын үйде мыңға жуық адам түтін түтетеді. Сонау 50-60-жылдары салынған үйлер әбден тозған. Дегенмен былтыр аптасына екі мәрте, ал биыл аптасына бір рет болатын жарылыстардан тұрғын үйлер шайқалып, қабырғалары қақырап жарылып жатыр.

Тұрғындар жергілікті әкімдікке, тиісті құзырлы органдарға бірнеше мәрте хабар беріп, шағымданғанымен мәселе әлі күнге шешілмеген. 

Халық кез келген сәтте үйлері қирап, қирандының астында қала ма деген қауіппен өмір сүріп жатқанын айтады.

"Кенттің іргесінен карьер қазу жұмыстары осыдан бірнеше жыл бұрын басталды. Ауылдан небары 1-1,5 шақырым ғана қашықта Котенко карьерінде апта сайын алтын қазу үшін қатты жарылыстар болады. Жарылыс болған тұста жер сілкінісі сияқты үй шайқалып, жер дірілдеп, люстралар мен ыдыс-аяқтарға дейін салдырлап кетеді. Кенттегі барлық 300-ден аса үй түгелге жуық қабырғалары қақырай сөгіліп, сылақтары түсіп кеткен. Кейбірі тіпті құлағалы тұр. 50-жылдарда салынғандықтан көп үйлер әбден тозған. Осыған дейін аптасына 2-3 мәрте жарылыс болатын. Қазір аптасына бір мәрте жарылыс болады. Мен осы жағдаймен бірнеше жыл бойы айналысып келемін. 2016 жылы жарылыстың қатты болғаны соншалық Ақсу мектебінің терезелері түгелдей шытынап түскен. Түйінді мәселе жайлы жергілікті және облыстық әкімдікке, Төтенше жағдайлар, Экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменттеріне дейін шағымдандық. Алайда біздің қауіпсіздігіміз ешкімді алаңдатар емес", - дейді Ақсу кентінің белсенді тұрғыны Григорий Вингертер. 

Тұрғындардың айтуынша, алтын өндіруші компания апта сайын 30 тоннадан 94 тоннаға дейін жарылғыш заттарды жарады. Ақсу кентінің дәл іргесінде көлемі бойынша әлемде екінші орында деп саналған радиациялық қалдықтар қоймасы да орналасқан. Ауруханадан жолданған статистика да жантүршіктіреді. Степногорск қалалық ауруханасы мәліметінше, ақсулық тұрғындар жүрек аурулары жөнінен көш басына шыққан. 246 адам "Д" есебімен артериялды гипертония дертіне шалдыққан. 399 адам жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан. Сонымен қатар, тыныс алу жолдары ауруларына шалдыққан адамдардың саны 35 адамға жеткен. Түйінді мәселе жөнінде алдымен "Алтын Алмас" акционерлік қоғамына хабарласып, осы жағдай жөнінде пікірін білмек болдық. Компания өкілдері тұрғындардың көпшілігі елорданың іргесінен жаңа үйлерге ие болмақ болып, бұқаралық ақпарат құралдарына шағымданын жатқанын айтады.

"Заңнама талаптарына сәйкес компания Ақсу кентіндегі санитария-қорғаныс аймағындағы бекітілген шекарада және жақын маңда тұрған үйлерді түгелдей сатып алған. Сүруге жатқызылған үйлердің бәріне нарықтық бағадан асатын көлемде өтемақы төленді. Бұл қаражатқа тұрғындар Степногорск қаласынан, Елорданың жанындағы Қосшы қаласынан, Заводской кентіндегі жайлы пәтерлерден тұрғын үй сатып алды. Ақсу кенті ежелде алтын өндірушілер үшін салынғанын уақытша үйлер ретінде тұрғызылғанын атап өткен жөн. Осыдан кейін баспаналы болуға ұмтылған ауыл тұрғындары үйлерінің жарылыс салдарынан қақырап, жарылып жатқанын айтып шу шығарып жатыр. Әрбір жарылыстан кейін оның сейсмикалық ықпалы өлшенеді. Рұқсат етілген көрсеткіш 2мм/с болса бізде орташа 0,2-1 мм/с дейін болып отыр. Жарылыс жұмыстары бекітілген жобаға сәйкес болғанымен Ақсу кенті тұрғындарының өнеркәсіп қауіпсіздік комитеті мен аумақтық бөлімдеріне шағымдарынан кейін тексерістер өткізілген. Алайда тәуелсіз компания мамандарымен жүргізілген тексеріс қорытындылары ауа толқындары арқылы болатын күштің рұқсат етілген межеден аспайтынын көрсетті", - дейді "Алтын Алмас" акционерлік қоғамының коммуникация және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Анар Сәуірбекова.

Ақсу кентіндегі жарылыстардың салдары жөнінде Ақмола облысының өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшылығымен де тілдесіп көрдік. Департамент өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында кәсіпорын тарапынан бірқатар заңбұзушылықтардың анықталғанын растады.

"Тексеріс барысында карьердегі жарылыс жұмыстарын өткізу учаскесін шолу нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарында бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Тексеріс кезінде анықталған заңбұзулылықтарды жою мерзімдері талқыланып, аталған саладағы заңнама талаптары түсіндірілді. Мемлекеттік инспекторлар "Әкімшілік құқықбұзушылық" кодексінің 298 бабының 1 бөлігі бойынша әкімшілік жаза тағайындады. Сонымен қатар 20 ақпаннан 25 ақпанға дейін Ақсу кенті әкімдігі және "Алтын Алмас" акционерлік қоғамының өкілдерімен бірлесіп жарылыс жұмыстарын комиссиялық бақылау жүргізілді. Жарылыс жұмыстары оның кенттегі тұрғын үй құрылыстарына барынша төмен ықпал ету тәсілін анықтау мақсатында өтті. Жүргізілген жұмыстар барысында жарылыс жұмыстарының жобалық құжаттамалары мен  жарылыс учаскесі тексерілді. Бақылау жарылыстары Zetlab сейсмикалық ықпалды есептеу құрылғысын қолдана отырып жасақталған бағдарламамен жүргізілді. Бақылау қорытындысы бойынша жиналыс өткізіліп, аптасына бір мәрте жарылыстан асырмау, жарылатын тау жынысының көлемі жобалық мәннен асырмау, жарылыс арасындағы уақыт аралығын екіге бөлу арқылы бір уақытта жарылатын көлемді төмендету, жарылыс жұмыстарын күндізгі уақытта ғана өткізу тапсырылды", - дейді өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті басшылығы.

Ақсу кентіндегі тұрғындардың жайын кент әкімінен де білмек болдық. Әкім тұрғындардың шағымы бойынша комиссия құрылғанын және тұрғындарды көшіру және келтірілген зардапты өтеу туралы шешімнің қарастырылып жатқанын жеткізді.

"Алтын Алмас" компаниясының карьеріндегі жарылыстардан әкімдік аппаратына шағымдар түсуіне байланысты арнайы комиссия құрылды. Оған құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі, қалалық төтенше жағдайлар және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті өкілдері қатысып тексеріс актілері рәсімделді. Шағымданған тұрғындардың үйлері толықтай тексерілді. Қазір кәсіпорын зардап шеккен үйлерді көшіру немесе келтірілген зардапты өтеуі туралы шешім қарастырып отыр. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуына байланысты департамент әкімшілік шаралар қолданды", - дейді Ақсу кентінің әкімі Марат Смағұлов.

Құзырлы органдар бәрі қалыпқа сай дегенімен, тұрғындар мәселенің шынымен ушыққанын айтып шырылдап отыр. 

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!