Биыл 1 шілдеден бастап еңбек сіңірген жылдары үшін зейнеткерлер тұрғын үй сатып алуға немесе емделуге зейнетақы жинақтарын пайдалана алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еңбек еткен жылдары бойынша зейнеткерлер www.enpf-otbasy.kz сайты арқылы БЖЗҚ-да жинақталған қаражаттарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалану үшін біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ немесе екінші деңгейдегі банктерге жүгіне алады.
Ал емделу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану үшін жоғарыда көрсетілген интернет-платформа арқылы "Отбасы банкі" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ-ға ғана жүгіну қажет.
Мына адамдар осы құқықты пайдалана алады:
1) БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар жұмыс істейтін азаматтар. Олар "төменгі жеткіліктілік шегінен" асатын соманың бір бөлігін пайдалана алады;
2) зейнетақысы жоғалған табыс сомасының (бұрын алған жалақысының) кемінде 40 пайызы болатын зейнеткерлер. Олар БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтары сомасының 50 пайызына дейін пайдалана алады;
3) өзіне зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар - БЖЗҚ-да қалған зейнетақы жинақтарының сомасы шегінде пайдалана алады.
Бұл норма жұмыс істейтін азаматтарды да, зейнеткерлерді де қамтиды.
Айта кетейік, бұған дейін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап БЖЗҚ азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделуге ақы төлеу сияқты әлеуметтік мақсаттарға пайдалану құқығын берген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!