"Отбасы банк" арқылы үйлі болғысы келген шымкенттіктер қала әкімдігінде шу шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
111 отбасы осыдан 10 ай бұрын "Тұран" шағынауданынан баспана алуы керек еді. Бірақ берілуі керек 9 қабатты тұрғын үй құрылысы аяқталмай-ақ апат жағдайында деп танылған. Осыны айтқан үлескерлер әкімдік пен мердігерлер өздерін алдап кеткенін жеткізді. Олар тұрғындарға "Тұрандағы" үй құрылысының аяқталғанын күтуге немесе "Шымситиден" шаршы метрі кіші әрі қымбат пәтерді алуға шарт қойған.
"Мердігердің салғырт жұмысына біздің кінәміз не?" - деген шарасыз халық қала әкімі Мұрат Әйтеновті шақырды.
"10 ай алдын алуымыз керек үйдің шаршы метрі 180 мыңнан болған. Ал қазір 200 мыңнан аласыңдар дейді. Неге? Сонда анау мердігердің мына "Отбасы банкті" лақтырып кеткеніне біз кінәліміз бе? "Отбасы банк" бізді соншалық ақымақ қылып осы уақытқа дейін алдаусыратып сандалтты. Солардың кесірінен қарапайым халық енді шаршы метріне 20 мыңнан төлеуі керек пе? Неге?", - дейді шымкенттік үлескер Арман Жамалов.
Айғай-шудан кейін алдымен қала әкімінің орынбасары шықты. Бірақ Мақсұт Исахов айтқан жауап жиналған жұртты жұбатқан жоқ. Осыдан кейін ғана Шымкент әкімі ақыры тұрғындармен кездесті. Қала басшысынан "әділ жауап" күттік деген бұқара бұл жолы да қуанған жоқ. Себебі Мұрат Әйтенов те бұған дейін қайталанған сөзді айтты.
"Тұрандағы" үйде шамамен 2 айлық жұмыс бар. Егер мердігер жауапкершілігі биік болып, жұмысты тезірек жасаса, одан да ерте бітіруге болады. Бүгінде ең қуанатыны - ол жақтағы жұмыстың 80 пайызға аяқталып отырғаны. Ол жерде үлкен жұмысы та жоқ. Егер үлескерлер оны күтпейміз десе, үстіне 20 мың теңге қосып "Шымситидегі" дайын үйді алсын", - дейді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.
Бірақ үлескерлер 20 мың теңгенің өзі көпшілік үшін оңай ақша еместігін айтады. Әрі дайын үйдің шаршы метрі "Тұраннан" берілуі керек баспанадан әлдеқайда кішкентай екенін жеткізді. Ал бастапқы баспананың өзі апат жағдайында тұр.
"Біз мына сапасыз үйге келгіміз келмейді. Шыны керек қалай келеміз? Бәрі қисық-қисық. Тіпті баспалдақтың өзі қисық. Қабырғалардың барлығы қисық. Бәрін жамап-жамап қойған. Жер сілкінісі болатын болса бұл үйде қалай тұратынымды да білмеймін. Бұл үй апат жағдайында ғой. Екі түйе сүйеніп, ортасында шыбын болып біз шарасыз қалдық", - дейді үлескер Ұлдана Шалқар.
Әкімдік өкілдері қазір өз жұмысын аяқтамаған мердігер компаниямен соттасып жатырғандарын айтады. Оның орнына басқа компаниямен келісім-шартқа отырыпты. Мұрат Әйтенов "Тұрандағы" тоғыз қабатты үй үшін 900 миллион теңге бөлінгенін айтады. Бүгінде оның 80 пайызы игеріліп қойған.
Айта кетейік, бұл Шымкенттегі бірінші сапасыз үй емес . Жыл басынан бері "Тұраннан" салынған үйге шағым айтқан тұрғындар қарасы аз болмады. Ал былтыр Шымкентте сапасыз үй салған 24 компанияға айыппұл салынған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!