Үй, көліктер және 32 млрд теңге: Алматыдағы МҚҰ-ларға қатысты істің егжей-тегжейі

Фото: Видео кадры

Заңсыз микроқаржы ұйымдарын ұйымдастырушылардың 32 млрд теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алматы қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті Creditum МҚҰ, Sofi Finance МҚҰ, Hava Finance МҚҰ, SF Offline МҚҰ, POS Credit МҚҰ, "Сәлем Кредит" МҚҰ басшыларына қатысты алаяқтық және заңсыз кәсіпкерлік қызмет деректері бойынша тергеуді жалғастырып жатыр.

Бұған дейін бұл МҚҰ-лардың заңсыз әрекеттері салдарынан 327 мыңнан аса азамат зардап шеккені, оларға келтірілген шығын көлемі 30 млрд теңге екені хабарланды.

"Төлемдері кешіктірілген қарыз алушылар Hava.kz, Koke.kz, Tengo.kz компанияларымен кепілдік шарттарын жасасуға мәжбүр болған. Бұл ретте кепілгердің жауапкершілігі тек қарыз алушы қайтыс болған жағдайда қарастырылған. Бұл қызмет үшін бастапқы несие сомасынан бірнеше есе асып түсетін төлем алынып, азаматтарды қарызға батырған. Нәтижесінде қарыз алушылар несие сомасынан 3-5 есе артық ақша төлеуге мәжбүр болған", - деп жазылған хабарламада.

Микроқаржы ұйымдарының есепшоттарындағы 1,8 млрд теңге көлеміндегі қаржыға тыйым салынды, сондай-ақ, 30 млрд теңге мөлшерінде несие портфеліне шектеу қойылды.

МҚҰ ұйымдастырушысы 2 айға қамауға алынды. Жалпы құны 225 млн теңге көлеміндегі 2 тұрғын үй мен BMW X6, Toyota Tundra маркалы көліктеріне тыйым салынды. Тергеу жалғасып жатыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget