Қонаев тұрғыны үй жинатуға шақырған әйелге зорлық көрсеткен. Ол бұл оқиғаны біреуге айтса, өлтіремін деп бопсалаған. Ал зәбір көрген әйелдің сөзінше, баласы үшін қорыққанынан оның бар айтқанын істеген, - деп хабарлайды "Астана" телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, жалғызбасты ана пәтерақыға жетпей тұрған 20 мың теңге үшін танысының үйін тазалап беруге келіскен. Алайда үй иесі әйелді ұрып-соғып, зорлық көрсеткен.
"Мен ештеңе істей алмадым, пышақтың сабымен басымды ұра берді, қарсы тұруға күшім де болмады. Ақырында пышақпен қорқытып, зорлығын жүзеге асырды. Есімді жиғанда жуынатын бөлмеде болдым. Ол мені видеоға түсіріп "Барлығына өзім келістім" деп айтқызды, бірнеше рет түсірді. "Біреуге тіс жаратын болсаң тауып алып өлтіремін, балаңды да зорлаймын" деп 2 сағат шығармай, қорқытып отырды", - деді жәбірленуші Құндыз.
Кейін әйел құрбысына мекенжайды жіберіп, көмекке шақырыпты.
Қалада "әйелдерді алдап үйіне шақырып, қорлық көрсететін адам пайда болды" деген хабарлама тараған. Күдікті тағы бір әйелді аямай соққыға жыққан. Әйел айғайлап, қарсылық танытқанының арқасында ғана тірі қалғанын айтады.
"Әлеуметтік желіде тараған қылмыстық іс қазір Қонаев қаласының прокуратурасында. Қылмыстық процестік кодекстің 300-бабына сәйкес оқылымда", - дейді Алматы облысы прокурорының баспасөз хатшысы Мақсат Әбіров.
Алматы облысы прокуратурасы мәліметінше, бұл іс 10 күн ішінде тексеріледі. Заңдылығы қарастырылып, сотқа жіберу жөнінде шешім қабылданады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!