Блогер Ұлан Дәулетқали қазақстандықтарға депозитке ақша жинап, тиімді сыйақы алуға қатысты кеңес берді. Ол Отбасы банктегі депозитке ай сайын тек 57 500 теңге ғана салуды ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы блогер Instagram-парақшасында жариялады. Ол Отбасы банк салымшыларына бір депозитке ай сайын тек 57 500 теңге ғана салуға кеңес берген. Оның айтуынша, бұл - мемлекет беретін сыйақының ең көп мөлшерін алуға мүмкіндік береді.
"Себебін ашып түсіндірейін. Отбасы банкке ақша жинаудағы басты мақсат - мемлекет беретін максималды премияны алу. Яғни, жыл аяғына дейін шотыңызға 690 000 теңге көлемінде ақша салсаңыз, 2024 жылдың басында сізге 138 000 теңге премия түседі", - деп жазды блогер.
Ұлан Дәулетқали бұл мемлекет тағайындаған сыйақының ең көп мөлшері екенін айтты. Демек, депозитті 690 мың теңгеден артық сомаға толтырсаңыз да, алатын премияңыз 138 мың теңге ғана болады, дейді ол.
"Сондықтан, айына тек 57 500 теңге ғана салып отырыңыз. Ал одан көбірек қаражат салу мүмкіндігі болса, отбасылық пакетті пайдалануға кеңес беремін.
Мысалы, айына 150 мың теңге салғыңыз келсе, өз шотыңызға 57 500 теңге, бір жақын туысыңыздың депозитіне 57 500 теңгесін салып, қалған 35.000 теңгені екінші туысыңыздың шотына салыңыз", - дейді ол.
Блогер бұл әдістің қызығы мемлекеттік сыйақы түскенде болады дейді. Яғни, жыл аяғында бір депозиттегі жинағыңыз үшін ғана ең көп 138 мың теңге сыйақыны ғана алып қоймай, әр салымшы үшін жеке сыйақы ала аласыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!