- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Утильалым 150 мың...
Утильалым 150 мың теңге болуы керек - сенатор
Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров елімізде утильалым мөлшерін азайтуды ұсынып, премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның айтуынша, депутаттарға кедендік алымдар, кәдеге жарату төлемдерінің мөлшері мен импорт автомобильдерді тіркеу туралы азаматтардың өтініштері үнемі келіп тұрады.
"Сенаторлар Үкіметке бірнеше рет депутаттық сауал жолдады. Алайда нақты экономикалық міндеттерге, ғылыми тұжырымдарға негізделген және екі тарапты да қанағаттандыратын шешім әлі табылмады. Салдарынан қарапайым қазақстандықтар «автомобиль сатып алу» деңгейіне қол жеткізуі төмендеп барады", - деді Бекбол Орынбасаров.
Сенатордың пікірінше, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы халықты жаңа көліктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермеген. Сондықтан ол премьер-министрге утилизациялық алымды төмендетуді, кедендік баж бен автомобильді тіркегені үшін алым мөлшерін азайтуды ұсынды.
"Қозғалтқыш көлемі 2 мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына 3 жылдан аспаған автомобильдер үшін кәдеге жарату алымының мөлшерін 150 мың теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын.
Кедендік бажды есептеу кезінде кедендік торды азайту жағына қарай қайта қарау керек. Қазір көліктердің көпшілігі, әсіресе, Қытайдан Қазақстанға Қырғыз Республикасы арқылы әкелінетін фактілер бар. Себебі, автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, 5 жылға дейін көліктерді мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК (923 теңге, 1 АЕК – 3692 теңге) көлемінде қарастыруды ұсынамын. Бұл ұсыныстар Қазақстан азаматтарына көліктерін жаңартуға мүмкіндік береді деп сенеміз", - деді депутат.
Айта кетейік, кеше мәжіліс депутаты елімізде утильалымы мөлшерін азайтуды ұсынған болатын. Бірақ өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев салада өзгеріс болмайтынын мәлімдеген.
Аяз Есен
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz