- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Үстінен ақша көргіміз...
"Үстінен ақша көргіміз келді". Жалған жарнамамен сынға қалған жұлдыздар
Қазір Желідегі даудың бір ұшы танымал адамдар жасайтын жарнамаға қатысты болып отыр. Өйткені қарапайым халық әдетте әншілер мен блогерлердің, актерлердің парақшасында жарияланған дүниені "керемет" деп ойлап жатады. Алайда іс жүзінде басқаша болып шығып, артынша сан соғып қалатыны да өтірік емес. Осылайша, басы дауға қалып, жарнамаға қатысты ісі сотқа жеткендер, тергеу изоляторында отырып шыққан шоу-бизнес өкілдері бар.
Massaget.kz тілшісі Желіде жасаған жарнамасының арты дауға ұласып, сынға ұшыраған танымал адамдар туралы шолу жасады.
"Жарнамалап жатқан адамдар адал деп ойладым"
Өнер жұлдыздарының парақшасында жарияланған жарнамаға қатысты да даулы мәселе көп. Мәселен, 2021 жылы сәуірде алматылықтар танымал тележүргізуші мен вайнерлер жарнамалаған қаржы пирамидасына шағымданған. Соның бірі - Алматы тұрғыны Сәкен Нұрахметов. Ол Instagram желісінде түрлі блогерлер парақшасына тіркелгенін айтқан. Бірінің парақшасынан Mudarabah Capital компаниясының "тиімді ислам инвестициялары" туралы бейнеролигін көрген. Осылайша, ол Astex.kz компаниясымен келісімге қол қойған. Бұл - Mudarabah Capital өкілі. Қала тұрғыны бес миллион теңге салған.
"Өзім діни көзқарастағы адаммын, сондықтан жарнамалап жатқан адамдар адал және неге компанияға ақша салмасқа деп ойладым. ...Олардың айтуынша, табысым әр 32 күн сайын 350-450 мың теңге болады. Бірақ 32 күннен кейін пайда таппадым. Сондықтан салынған қаражатты қайтаруды талап еттім. Алайда менеджерлер әлі күнге дейін ақша басқа жобалар жүзеге асқаннан кейін берілетінін айтып келеді. Мен әлі табыс көрмедім. Бірақ сабақ алдым: инвестициялар, тауарлар, шұжықтар мен емдік шөптердің жарнамасы тек Instagram-да әдемі. Жарнама берушілердің өздері ғана одан ақша табады", - деген ер адам.
Кейінірек Желіде тағы бір бейнеролик пайда болды. Онда белгілі тележүргізуші, продюсер Баян Алагөзова ASTEX компаниясын жарнамалағаны көрінеді. Ол өз ақшасын инвестициялауда осы компанияның құрылтайшылары - Алмас пен Шыңғысқа сенім артатынын айтқан.
"Бұл - Қазақстандағы жалғыз компания, соның арқасында тендерлік жобаларға инвестиция салып, тәуекелсіз ақша табуға болады", - деді Алагөзова жарнама ролигінде.
Желі қолданушылары жарнама ролигіне түрлі пікір жазған.
"Кезекті лохотрон", "Жарнамаға қанша алғаны қызық", "Полиция не қарап отыр?", "Алаяқтар", - дейді пікір білдіргендер.
Кейін Алматы Полиция департаменті өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірген. Құқық қорғау органдары мәліметі бойынша, бұл дерек "қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету" бабы бойынша тергелген. Полицейлердің мәлімдемесінен тергеу Баян Алагөзова жарнамалаған компанияға қатысты екені көрінеді.
"27 сәуірде бес адам екі компанияның басшылығына қатысты өтініш білдірді - Astex.kz және ACD Technology. Олар ақшалай инвестиция есебінен тендерлерден пайда табуға уәде берген. Бұл дерек Қылмыстық кодекстің 217-бабы бойынша соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді", - деген еді 2021 жылы ПД баспасөз қызметі өкілі.
"Кім болса соны жарнамалайды деп ойламадық"
Жарнама жасап, басы дауға қалғандардың, сынға ұшырағандардың бірі - әнші Бүркіт. Ол жиһаз компаниясын жарнамалаған. Былтыр Алматыда Safari Mebel компаниясының басшысы ұсталған еді. Ол - эстрададағы танымал дуэт жарнамалаған компания басшысы. Клиенттер компанияны алаяқтық жасады деп айыптаған. Олардың сөзінше, компания ақша алып, уәде етілген жиһазды жасап бермеген.
Алматылық Айгүл Алдаярова былтыр көктемде Алмалы ауданындағы жаңа үш бөлмелі пәтеріне жиһаз алғысы келген. Әйелдің сөзінше, отандық жұлдыздар бұл компанияға жақсы пікір білдіргенін көрген соң таңдаған. Бірақ жиһазын ұзақ уақыт ала алмаған.
"Олар Instagram-да осы компанияның жиһазын мақтады. Біз де сапалы жиһаз іздедік және мұндай адамдар жарнамаласа, жақсы компания шығар деп ойладық. Сөйтіп, сендік. Өйткені біздің жұлдыздар кім болса соны жарнамалайды деп ойламадық. Осы жарнамаға алдандық", - деді ол.
Кейінірек ол уәде етілген жиһаздың кейбір бөлігін ала бастаған. Бірақ ойындағыдай болмаған. Тіпті компания жиһазды толық құрастырып бермеген, сапасы нашар болып шыққан.
Айгүл Алдаярованың аяқталмаған асүй жиһазы
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әнші бұл даулы оқиғаға қатысты пікір білдірген.
"Бір жарым жыл бұрын Instagram арқылы өтініш жасады. Тапсырысқа жиһаз жасап бере алатынын айтты. Үйге жиһаз қажет болғандықтан келістік. Бартер ретінде келістік: олар бізге балалар бөлмесіне жиһаз жасап береді, ал біз Instagram арқылы жарнама жасап береміз. Артынша, Аманжол есімді жігіт үйге келіп, бәрін өлшеп, бір айдан кейін дайын болатынын айтты", - дейді әнші.
Сонымен қатар, әнші кейінірек тағы да жиһазға тапсырыс берген.
"Басқа бөлмеге жиһаз жасап беруін сұрадым. Олар тапсырыс көп болған соң кейінірек жасап беретінін, қолы босағаннан кейін келіп өлшеп кететіндерін айтты. Біраз уақыттан кейін жігіттер келді, біз не қалайтынымызды көрсеттік. Сол уақыттан бері жиһазымызды жасап жатыр. Одан бері бір жылдан аса уақыт өтті.
Оларға хат жазсам, жақында жасап береміз деп жауап береді. Бірақ қазір үміт аз. Не болып жатқанын және неге бәрін кешіктіріп жатқанын түсінбей отырмыз. Бәлкім, біз жақсы жарнама жасағаннан кейін клиент көп шығар. Меніңше, олар көп тапсырыс алып, бәрін орындай алмай жатыр", - деді ол.
Ал Желі қолданушылары да жұлдыздар жарнамалаған видеоға үнемі сене бермеу керегін айтқан.
"Осы адамдар қашан қояды екен өтірік жұлдыздарға сенуін?!", "Оларға кім сенеді?" - деп ашынған жұрт.
Осылайша, алданып, әуреге түскен алматылық ақыр аяғында сотқа шағымданған. Компания басшысы ұсталған. Оған қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы "Бірнеше рет жасалған алаяқтық" бойынша соталды тергеу амалдары жүргізілген. Бұл компанияға шағымданған 30-дан аса азамат полицияға өтінішпен жүгінген. Жалпы материалдық шығын 32 миллион теңгеден асқан.
Бір әйел өз-өзін өртеп жіберді
2021 жылғы көктемде алматылықтар Төребаев, Шерниязов және Саидбаев жарнамалаған инвестициялық компанияға шағымданған болатын. Жарнама роликтердің бірінде "пайдалы ислами инвестициялар" туралы айтылады. Тіпті былтыр 11 сәуірде Mudarabah Capital қаржы пирамидасының салымшыларының бірі Нұр-Сұлтандағы ІІМ ғимаратының алдында өзін-өзі өртеп жіберген болатын.
Видеодан алынған кадр
Ал блогердің өзі компания алаяқтыққа қатысы барын білмегенін айтып, видеоүндеу жариялаған болатын.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Желі қолданушылары блогердің видеосына түрлі пікір жазған.
"Сен жарнамаладың ғой, көп адам саған сенді", "Жарнамаламау керек еді", "Адамдар жапа шегіп жатыр", "Тергеу шешеді", - дейді пікір білдіргендер.
Сонымен қатар, құқық қорғау органының өкілі блогерлер неге қамауға алынбағанын түсіндірген болатын.
"Вайнерлер бойынша 169-дан аса жәбірленуші, екі миллиард теңгеге жуық шығын барын айтқым келеді. 14 адам, оның ішінде белгілі вайнерлер, блогерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Алты адам қамауға алынды, вайнер Мейіржан Төребаев кепіл бойынша жүр", - деген еді Шындалиев ОКҚ брифингінде.
Бірақ кейін сәуірде Мейіржан Төребаев қамауға алынды. Одан бөлек вайнер Әзімжан Саидбаев та қамалды. Олар осы Mudarabah Capital қаржы пирамидасы туралы іс бойынша күдікті деп танылды.
26 желтоқсанда Төребаев босатылып, үйқамаққа алынды. Оның кәмелетке толмаған бес баланы тәрбиелеп отырғаны әрі отбасының жалғыз асыраушысы екені, денсаулығына байланысты күтімді қажет ететін қарт анасы бары осындай шешім шығуына әсер еткен.
"Асып-тасып жүрген жоқпыз"
2020 жылы танымал адамдардың көпшілігі "Гарант-24" ломбардын жарнамалаймыз" деп сынға қалған еді. Бұл қатарда актерлер Асылхан мен Артур Төлеповтер де бар.
"Біріншіден, баршаңыздан осындай жарнамаға қатысқанымыз үшін кешірім сұраймыз. Біз де сіздер секілді алдандық, бізді де алдап соқты. Бізді танысымыз арқылы жарнамаға шақырды, біз де жарнамаға түспес бұрын әріптестерімізден сұрадық. Олар тақтайшаға жазып бәрін көрсеткен. Системасын көрсетті. Құжатын, барлығын көрдік. Біз де таңғалдық нарықтағы бағадан арзан сатып, сіздерден қымбат сатып аламыз деген сияқты. Біз таңғалғаннан кейін қызығып, жарнамасына түсіп, біз де қазіргі таңда жәбірленуші атанып отырмыз", - деген еді Асылхан Төлепов.
Оның бауыры Артур Төлепов те "асып-тасып жүрмегенін" және пайызын көргеннен кейін қызыққанын айтады.
"Өз басым үйдегілерге айтып, біздің халыққа жақсы дүние шыққан екен, ақшамызды тапсырайық, барайық деп барлығын көндірген мен болатынмын. Біз де өздеріңіз сияқты салымшы болдық, мінекей", - деп құжаттарын көрсетті Артур.
Сондай-ақ, ағайынды Төлеповтер отбасынан 13 миллион теңге ақша кеткені айтылады.
"Бізге де оңай соққан жоқ. Интернет желісінде "Әртістерді жазалау керек", "Олар халықты сендіре білген" деп жатыр. Құрметті ағайын, біз де өздеріңіз секілді қарапайым азаматтардың біріміз, біз де жақсы жағына шыққымыз келген, үстінен ақша көргіміз келді. Сондықтан барлығыңыздан басымызды иіп, кешірім сұраймыз", - деген болатын олар.
"Досым апарды"
Бұл компанияның "құрығына түстім" дегендердің бірі - әнші Айқын Төлепберген. Алайда ол да алданып қалғанын мәлімдеді.
"Бұл компанияға ешқандай да қатысым жоқ. Сіздер секілді мен де алданып отырмын. Мені сол компанияға досым апарған. Қымбатқа көлік сатып немесе арзанға сатып ала аласың деді. Құжатын көріп, көз жеткіздім. Олардың Қазақстанда филиалы көп екеніне көз жеткіздім. Келісімшарттарын көрдім. Көптеген көлік пен пәтер сатып алынғанын көрдім", - деді ол.
Сондай-ақ, Айқын компанияның "ақша өткізіп, пайызын алып отыру" туралы жүйесін тіпті естіп-білмегенін айтты.
"Бұл жерді ломбард деп ойладым. Кәдімгі қымбатырақ сомаға өткізуге болатын ломбард деп ойладым. Мен өзіме бір арзандау көлік беретінін күттім. Алдандым. Енді досым да алданғанын айтып отыр. Бірнеше досым сол жақтан шын мәнінде арзанға көлік алған еді, қымбатқа сатқан достарым да бар. Сондықтан олардың жарнамасына сенген едім", - деп түсіндірген болатын жағдайды әнші.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұл іске қатысты Атырау, Павлодар, Ақтау, ШҚО, Тараз және Қарағандыдағы "Гарант-24 Ломбард" ЖШС аймақтық филиалдарының басшылары ұсталған еді.
"Ешқайда қашып кеткен жоқпын"
Әнші Ернар Айдар да өнердегі өзге әріптестері секілді жарнаманың кесірінен сынға қалған болатын. Оқиға 2020 жылы болған.
Sputnik.kz мәліметінше, лотереяға тігілген сыйлық екі седан көлігі, екі Jeep, Алматыдағы пәтер, сондай-ақ, түрлі тұрмыстық техника болған. Полиция бұл жалған ұтыс ойыны екенін анықтаған, өйткені ұйымдастырушыларда сыйлықтар болмаған. Жарнама арқылы 9 900 теңгеге 20 мыңнан аса лотерея билеті сатылған. Яғни, шамамен қазақстандықтар 198 миллион теңгеден аса сомаға (450 мың доллардан аса) алданған.
"Лотереяға қатысқан құрметті қазақстандықтар. Сіздерді түсінемін. Сіздер маған сеніп, лотерея билетін сатып алдыңыздар. Басымды иіп, кешірім сұраймын. Мен де алданып қалдым. Экономикалық тергеу департаменті тергеу жүргізіп жатыр, мен ешқайда қашып кеткен жоқпын. Тергеудің аяқталғанын күтемін, куәгер боламын. Билеттерді сатып алуға жұмсаған ақшаларыңыз менде емес, ұйымдастырушыларда. Мен тек жарнама жасадым, бұл үшін қатты өкінемін", - деп жазған еді Ернар Айдар Instagram-да.
Қозғалған қылмыстық істер мен деректерге сүйене отырып, Желідегі жарнаманың бәріне сене беруге болмайтыны байқалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова