Мәжіліс депутаты Болатбек Әлиев жұмыс тобының отырысындағы тосын жайттың видеосын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттың сөзінше, бұл жағдай өткен аптада бейсенбіде болған, отырысқа қатысушылардың бірі үйдегідей майкамен отырған.
"Мәжілісте майкамен. Нағыз ашықтық дәл осылай көрінеді. Бейсенбі күні Құрылыс кодексі бойынша жұмыс тобының отырысында бір қызық жайтқа көзім түсті. Талқылауға қосылып отырған мамандардың бірі кәдімгі үй жағдайында, майкамен отыр. Қолында тамағы, жанында сусыны. Солай отырып бізді тыңдап, талқылауға қатысып отыр. Бір сәт ойланып қалдым. Бұл тәртіпсіздік емес. Бұл - қолжетімділіктің белгісі. Бұрын мұндайға ешқашан куә болмағанмын. Салада тәжірибем болса да, заң талқылауына дәл осылай еркін қатысу мүмкін емес еді. Ал қазір біз қандай форматта жиналсақ та, кәсіби орта өкілдері дәл сол уақытта пікірін қоса алады. Кім кеңседе, кім жолда, кім үйде бәрібір. Ең бастысы қатыса алады", - деді ол.
Депутаттың пікірінше, бұл - Мәжілістің ашық, қолжетімді және шын мәнінде демократиялық жұмыс жүргізіп жатқанының нақты дәлелі.
Желі қолданушыларының бірі "бұл - залда отырғандарды сыйламау" десе, енді бірі "ең бастысы жасаған жұмысына қарау керек" екенін айтқан.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова