Талдықорғанда дәмханада төбелес шығарғандар қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Жетісу облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды.
"Оқиға орнына келген полицейлер қақтығысқа қатысушыларды қалалық әкімшілікке жеткізді. Оқиға ҚР ҚК 293-бабының 2-бөлігінде көзделген факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмысын бастап, сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексі ("Адамдар тобында жасалған бұзақылық") деп тіркелді", - делінген хабарламада.
Полицияға дәмхана әкімшілігі хабарласқан. Төбелеске қатысқан 3 азамат Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабына сай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
"Қылмыстық іс ерекше бақылауға алынды. Тергеу барысында іске қатысушы әр тұлғаның әрекетіне тиісті баға беріліп, қолданыстағы заңнамаға сай процессуалдық шешім қабылданады, - деді облыстық полиция департаментінің басшысы Арман Саданов.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады. Кадрларда жастардың бір-бірін қалай ұрғаны, үстелдердің үстінен секіргені, ыдыс-аяқ және басқа да заттарды лақтырғаны көрсетілген.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!