Астанадағы мейрамханалардың бірінде адам қолынан қаза болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді Динара Сәтжанның Youtube-арнасына берген сұхбатында Қуандық Бишімбаевтың ата-анасымен қарым-қатынасы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол Қуандық Бишімбаев отбасына деген агрессиясы қатты болғанын жеткізді.
"2023 жаңа жылын Салтанаттың жаңа отбасымен бірге қарсы алдым. Шынымды айтсам, бұл бір жабайы жаңа жыл болды. Сол кеште Бишімбаевтың отбасына деген агрессиясын алғаш рет көрдім.
Жаңа жылдық кеште Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан да болды, әйелімен келген екен. Олар қонаққа келгендіктен Салтанатқа сыйлық әкелген көрінеді, ал тура сол уақытта Салтанаттың қолында дайын сыйлығы болмай, Қуандық сыйлаған әтірді берген. Қуандық бұған ашуланып, "бұл менің саған сыйлығым еді, қалай дәтің барды? Менің сыйлығым болғандықтан, оның тағдырын да мен шешемін" деді. Бәрі бір дастархан басында отырып, Бишімбаев пен Салтанаттың арасындағы жанжалды көріп, Қуандықтың ата-анасы да араласа бастады. Сонда Қуандық ауыр сөздер айтып, анасының да, әкесінің де аузын жауып тастады. Мен баланың ата-анасымен мұндай қарым-қатынасына таңғалып отырдым. Кейін жаңа жылды қарсы алғаннан кейін мен кетіп қалдым.
Мен бірнеше күнде Алматыға қайтатын болғандықтан, Салтанатқа 1 қаңтарда "кездесейік, кофе ішіп қайтайық, түндегі жағдай мені уайымдатып тұр, хабарда бол" деп жаздым. Сөйтсем, Қуандық мен кеткеннен кейін ата-анасы, кішкентай балалар, бәрі тамақтанып отырған үстелді тамағы, ыдысымен қоса төңкеріп жіберген екен", - деді Айтбек Амангелді.
Еске салайық, былтыр 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған. Болжам бойынша, әңгіме экс-министрдің әйелі туралы. Бишімбаевтың ұсталғаны туралы хабарламамен қатар Астана полициясы ер адамның ұсталғаны туралы пікір білдірді. Бірақ оның аты-жөнін нақтыламады.
Сондай-ақ, сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол - Қуандық Бишімбаевтың әйелі.
11 қарашада Бишімбаев уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Тағы да оқи отырыңыздар: Қандағы қант мөлшері қандай болуы керек?
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз