Білім саласындағы өзекті проблемаларды көтеріп жүрген маман және ұстаз Аятжан Ахметжан "Kultobe" подкастында еліміздегі оқулық шығару мәселесінің шешімін ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Оқулық жазудың жүйесі қате. Баспалар тек кітап басып шығарумен айналысуы керек. Оқулық жазу министрліктің, Ыбырай Алтынсарин атындағы білім академиясының құдыретінде болуы керек. Сондай-ақ автордың жалғыз және негізгі жұмысы - оқулық жазу болуы керек. Қазір оқулық жазу автордың қосымша жұмысы және әр автор әр жерде жүріп оқулық жазады. Мысалы, химияда төрт автор болса, төртеуі төрт қалада отырып алып, біреуі мектепте, біреуі университетте сабақ беріп жүріп, оқулық жазады. Олар үшін бұл тек қосымша табыс көзі. Бұдан жақсы оқулық шықпайды", - дейді ол.
Аятжан Ахметжан баспалар тек оқулық шығарумен айналысуы керегін, ал оқулық жазу Ы. Алтынсарин атындағы білім академиясының мойнында болуы керегін айтты.
"Бұл жерде мемлекет оқулық жазудың концепциясы мен Ы. Алтынсарин атындағы білім академиясының ғылыми-практикалық орталығының жұмысын қайтадан үйлестіріп құрып шығуы керек. Міне, мына он адам бірігіп, 1-11 сынып аралығындағы математика оқулығын жазады деген сияқты бөліп беруі керек. Автор күнде таңертең сағат 9:00-де жұмысқа шығып, сағат 18:00-де қайтады. Оқулығын жазып, дизайнермен бірге суретін сызғызады. Әйтпесе, кейбір оқулықтарды шыны керек көшіріп қоя салады. Кейбір оқулықтар ресейлік оқулықтарды аударып қоя салады. Өйткені ол оның негізгі жұмысы емес", - дейді маман.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!