- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ұсталып қалған соң...
Ұсталып қалған соң телефонын аяқпен басып сындырмақ болған: Петропавлда алаяқ әшкере болды
СҚО полицейлері бірқатар интернет-алаяқтыққа қатысы бар күдіктіні ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сәуірде Петропавл қаласының 53 жастағы тұрғыны алаяқтық туралы арызбен полицияға жүгінді. Былтыр қарашада оның жанына бейтаныс ер адам келіп, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырған. Жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатқан сияқты кейіп танытып, түрлі сипаттағы сұрақтар қоя бастаған. Жәбірленушінің сеніміне кіріп, тергеу барысында қажет дегенді сылтау етіп, оның телефонына келіп түскен sms хабарламадағы құпия кодты айтуға көндірген. Кейін ер адамның атына бір миллион теңгеден аса сомаға несие ресімделгені анықталған.
Күдікті Петропавл қаласының 28 жастағы тұрғыны болып шықты. Оны қолға түсіру үшін жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерлері жұмылдырылды. Көліктен шыққан сәтте күдікті өзінің иығындағы шағын сөмкесі жерге түсіп кеткенін көріп, ішіндегі телефонын басып сындырмақ болған. Бірақ арнайы жасақ қызметкерлері оның бұл әрекеті іске асуына жол бермеді.
"Қазір күдікті қамауға алынды. Ақпараттық жүйені қолданушының сеніміне кіре отырып, оны алдау арқылы жасалған алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ, тағы бір жәбірленушінің аты-жөні белгілі болды. Күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін", – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова