Үш ұшқышсыз ұшақ Татарстанның Елабуга және Нижнекамск қалаларындағы кәсіпорындардың аумағына шабуыл жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ресейлік БАҚ үш ұшқышсыз ұшақ Татарстанның Елабуга және Нижнекамск қалаларындағы кәсіпорындарға шабуыл жасағанын хабарлады. Бір дрон зауытқа, екеуі студенттерге арналған жатақханаға соғылған.
Төтенше қызметтер мәліметінше, тек Елабугада жеті адам, оның ішінде екі жасөспірім жарақат алған. Үш адам ауруханада жатыр.
"Алабуга" арнайы экономикалық аймағы басшылығының нақтылауынша, Елабугадан он шақырым жерде, екі ұшқышсыз ұшақ олардың аумағындағы жатақханаға соққы жасаған.
Нижнекамскіде, 112 мәліметі бойынша, ұшқышсыз ұшақ технологиялық қондырғыға соқтығысқан. Содан өрт басталып, сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ.
Татарстан басшысы Рустам Минниханов шабуылға ұшыраған кәсіпорындардың технологиялық процесі бұзылмағанын атап өтті.
"Бүгін таңертең республиканың Елабуга және Нижнекамск қалаларындағы кәсіпорындарға ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалды. Ешқандай ауыр зардап болған жоқ, кәсіпорындардың технологиялық процесі бұзылған жоқ. Елабугада, өкінішке қарай, қирау салдарынан зардап шеккендер бар. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Барлық қызмет жоғары дайындықта", - деп жазды Рустам Минниханов Telegram-арнасында.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!