Танымал актер Асқар Наймантаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында қалай өнер көрсеткенін еске алды. Бұл туралы ол Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында әңгімеледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесінің сөзінше, бір емес, үш елдің Мемлекет басшыларының алдында әзіл айтқан.
"Елбасының алдында екі рет әзіл айтқан адаммын. Бірінші рет астана ешқайда көшпей тұрған кезде, осы жерде Тоқсын ағамызға тапсырылған екен. Тоқсын ағамыз ұмытып кетіп, бір жаққа кетіп қалыпты. Түн ішінде Лұқпан ағам хабарласып, "ертең үшеуі осындай жерде отырады, Ақаев, Каримов, Елбасы бар. Сол жерге Тоқсын баруы керек еді. Сен барасың" деді. 5 минуттан кейін хабарласты. "Наймантаев деген сіз бе? Резиденцияның алдына сағат 10-да келіңіз" деді. Келдім, бір қара Mercedes күтіп тұр екен. Тау жақтағы бір кафеге апарды. Әртістерге бөлек дастарқан жасап қойған. Дастарқан сынып тұр, керектің бәрі бар. Жәмила Серкебаева, атақты музыканттар бар, опера әншілері бар, ішінде әзіл айтқыш мен ғана. Сопайып кіріп тұрмыз, қайта-қайта біреу келеді де, инструкциясын айтады. "Дәлізбен барасыздар, есік тұрады, есік ашылады, бірден сахнаға шығасыздар, амандаспайсыздар. Бірден нөміріңді айтасың да, арғы жақта есік бар, артқа қайтпайсың" дейді. "Наймантаев деген кім?" дейді. "Мен" дедім. "5-7 минут деп көрсетіпсіз, қайсы дұрыс?" дейді. "7 минут" деп едім, "7 минуттан аспайсыз" деді. Ана жақтан қайтқан бір адам жоқ", - деп еске алды актер.
Асқар Наймантаевтың айтуынша, әзілі Назарбаевқа да, қасында отырғандарға да ұнапты.
"Бір кезде менің кезегім келді. Есік алдына барып едік, "тоқта" деді. "Ана жақта тост айтып жатыр" деді. Тұрдық тағы да. Есікті ашты да, "кір" деді. "О, біздің мынау "Тамаша" деп Елбасы әңгімені бастап кетті. Бастаған жоқпын, ана кісі әңгімені бастап кеттім. Біраздан кейін "ал айта ғой" деді. Қазақы әзіл әңгімеден бастап едім, қарқылдап күлді. Аудармасын түсіндіре бастады. "Тұра тұр, балам. Ағаларың түсінді ме, түсінбеді ме" деп, өзі риза болып, аудармасын түсіндіріп еді, "түсіндік, түсіндік" деді. Миымда 7 минут тұр. Ол болмаса, аналар атып жіберетін сияқты. "Мына жерге стол қойыңдар, Асқар, кел отыр" деді. Арқам терлеп кетті. "Үшеуміз туралы анекдот білесің бе?" деді. "Ой, аға, ол көп қой. Мына жерде ыңғайсыз болады" дедім", - деп еске алды ол.
Айта кетейік, бұған дейін актер Бауыржан Ибрагимов Нұрсұлтан Назарбаевтың үйінде қонақ болғанын еске алған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!